Әуелі осы бағдарламамен 2018 жылы АҚШ-та жұмыс істеген студенттердің әңгімесіне назар аударайық. 

Томирис Есқали, Халықаралық IT университетінің 4-курс студенті:

Томирис Есқали
Томирис Есқали. Фото жеке архивінен

АҚШ-қа барып, Maryland штатындағы Оушен-Сити туристер қалашығында тұрдым. Түске дейін Sea Watch қонақүйінде бассейн бақылаушысы ретінде жұмыс іcтесем, түстен кейін Ocean Side Pizza деген мейрамханада бас аспаздың көмекшісі болдым. Жұмысты бағдарламаның әлеуметтік желідегі парақшаларының бірінен тапқан. Барған студенттердің басым көбі мейрамханаларда, дәмханаларда жұмыс істеуге тырысады. Өйткені ол жерде тегін тамақтанады немесе тамақтануға жеңілдік болады, яғни тамаққа артық шығындалмайды. Сонымен бірге Housekeeper, яғни қонақүйдің бөлмелерін жинаушы ретінде жұмыс істеушілер бар.

Мен Қазақстанда жүргенде-ақ пәтер тауып, алғашқы сомасын төлеп қойдым. Үй иесі — Ресейден келген иммигрант, біз бәріміз бірге тұрдық. Ол бізге бауырларыңдай қамқор болды. Әлі күнге дейін байланыстамыз. Одан бөлек, қасымда Қазақстаннан 3 қыз тұрды. Шынымды айтсам, бүгінде ең жақын дейтін достарымды сол жақтан таптым.

Бір нәрсені ұқтым: ол жақта қыз баланың да, ер баланың да өзін ұстауы оның өз еліндегі ортасы мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Одан бөлек, «ешкім көрмейді, байқамайды» деп, «құтыратындар да» бар. Мұның бәрі уақытша екенін кейде естен шығарып алады. Меніңше, кім болмасын, өзге елге, өзге мәдени орта мен өзге тілде сөйлейтін жерге барған кезде екі есе ширақ қимылдап, екі есе жылдам ойлана бастайды. Олай етпесең, үлкен қала, үлкен мемлекет сені «жұтып қояды». Одан бөлек, мына жақта қалыптастырып алған жайлы аймақтан шығасың, екі есе жауапты бола түсесің. Кейде сенің қылығың мен әрекетіңе қарап, тек сені емес, бүкіл қазақты сынға алатындықтан әр ісіңді ойланып істейсің. Ақшаны үнемдеуді, бейімделуді үйренесің. Кемшілігіне келер болсақ, кейбір адамдар үшін сен уақытша адамсың. Үш айда бауыр басып, үйреніп қалып, қимай жатқанда, Америкадағы кей достарымыз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. «Келіп-кететіндердің бірісіңдер, сендерді де өзгелер алмастырады» деген кейіп танытады. Жақын адамдарыңды кездестірген соң олардан қол үзуге тура келетіні қынжылтады.

Алмаз Қойшыбай, Халықаралық ІТ университетінің 4-курс студенті:

Алмаз Қойшыбай
Алмаз Қойшыбай. Фото жеке архивінен

Alaska штатындағы Сьюард туристер қаласында тұрдым. АҚШ-тағы ерекше штат болғандықтан  бұған жету біраз қиындық туғызды. Алматыдан Мәскеуге, Мәскеуден Нью-Йоркке, Нью-Йорктен Сиэтлге, Сиэтлден Анкориджге, Анкориджден Сьюардқа келесің. Жолға үш күндей уақыт кетеді. Жаңа ортаны қабылдау қиын болды, басында олардың сөйлеген сөзі мен іс-әрекетін жатырқап жүрдім.

KCET компаниясы бірнеше жұмысты әртүрлі штаттан ұсынды. Бірінші жұмысым маған ұнамай, екінші жұмыс іздеуге 2-3 апта кетті. Содан кейін Starbucks кофеханасында бариста болып жұмыс істеу үшін арнайы компьютерлік бағдарламадан өтіп, тренингтерге қатысып, жұмысқа орналастым. Пәтерді бірінші жұмыс ұсынған жер тауып берді. Досым екеуіміз бір жұмыс орнында істеп, бір пәтерді жалдадық. Үй иесі жұмысқа орналасу үшін құжаттарды әзірлеуге, тіпті пәтерақыға 50% жеңілдік жасады. Бағдарламаның артықшылығы жыл сайын студенттердің бағын сынап, таным көкжиегін кеңейтіп, олардың жақсы жаққа қарай өзгеруіне әсер етіп жатыр. Тәжірибемді айтсам, мен осы бағдарлама арқылы алдымен адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын, сонымен қатар дәмханалар мен кофеханалардағы қызмет көрсету саласының жоғары деңгейіне көзім жетті. 

work&travel, жұмыс
Иллюстрация: Dribbble.com ©Podis

Work and Travel USA — бұл АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске асырылатын халықаралық бағдарлама. Студенттер АҚШ-қа келген соң Exchange Visitor мәртебесін алып, жұмыс істеуге ресми рұқсат алады. Жыл сайын 100 000 студент J1 визасы бойынша ауысымды жұмыспен қамтылады. Бағдарлама осы жылдың 25 мамырынан 1 қыркүйегіне дейін мерзімді қамтиды.

Студенттерге  бағдарламаның ұтымды тұстары қандай?

  • 3 ай көлемінде АҚШ аумағында саяхаттау;
  • Америка ұлтының салт-дәстүрімен және мәдениетімен танысу;
  • Ағылшын тілінде ауызекі сөйлеуді үйрену және халықаралық байланыс жасау;
  • Жалдамалы үй, азық-түлік, саяхаттау, шабадан толы киім және бағалы сыйлықтар алуға мүмкіндік;
  • Батыстың бизнес моделімен танысу;
  • Атланттың ар жағындағы елдерді көзбен көру;
  • Өмірлік тәжірибе мен ұмытылмас әсер алу.

Бағдарламаның талаптары:

  • Студент ЖОО-ның күндізгі бөлімінде оқуы керек (бакалавриат, магистратура, аспирантура мен докторантураның ақырғы курс студенті қабылданбайды);
  • Студенттің жасы 18-27 аралығында болуы керек;
  • Студент ағылшын тілін жетік білуі керек;
  • Студент дербес болуы керек.

Бағдарламаға қатысу бағасы — 1500 доллар. Баға өтініш берілген уақытқа қарай өзгеруі мүмкін, кеш берілсе, бұдан жоғары болады. Нақты соманы тұрғылықты қаладағы координатордан сұрап білген жөн. Оған виза, медициналық сақтандыру, АҚШ елшілігіне құжаттар әзірлеу мен жіберу, АҚШ елшілігімен сұхбаттасу үшін бағдар беретін жиналыс, Participant’s Handbook (Work and Travel USA бағдарламасы жазылған кітапша), арнайы тариф бойынша авиабилет және қабыл алушылар беретін көмек кіреді.

Төлем жасаған соң тіркелу үшін қандай құжаттар қажет?

  • Online толтырған сауалнама;
  • Төлқұжаттың көшірмесі;
  • Жеке куәліктің көшірмесі;
  • Туу туралы куәліктің көшірмесі. Егер студенттің тегі өзгертілген болса, халыққа қызмет көрсету орталығынан арнайы анықтама алуы қажет;
  • Студент билетінің көшірмесі;
  • ЖОО анықтамасының түпнұсқасы;
  • 5×5 өлшеміндегі фотосурет (ақ фон);
  • Электрон нұсқадағы 1 фото. Өлшемі 600×600 пиксельден 1200×1200 пиксель аралығында JPEG форматында 240 килобайттан асып кетпеуі қажет;
  • Ағылшын тілінде оқытушыдан немесе жұмыс берушіден ұсынысхат;
  • Медицина анықтамасы.

Үлгіге сай емес құжаттар қабылданбайды.