ҚР ІІМ басшысы: Банкке шабуыл жасағандардың радикалдарға еш қатысы жоқ

«Әзірге оқиғаның радикалдармен байланысын қарастырып жатқан жоқпыз. Меніңше, бұл жай ғана шабуыл. Қылмыскерлер банктің жұмыс тәртібін алдын ала бақылап жүрген, қазір осы банкті тексеретін боламыз. «Центркредитбанк» кеңседе орналасқан, таң атпай онда ақша алып келген, ақшаны күзетші қабылдап алған. Күзетші дәретханаға шығып кеткен кезінде олар күзетшімен бірге (ақша тұрған қоймаға – агенттік) кіріп, ақшаны тонамақ болған. Күзетші қаруын – травматикалық тапаншасын – алып шығып, бірақ оқ атып үлгермепті. Қаскөйлер тапаншасын тартып алған, сол сәтте банктің басқа қызметкерлері келіп қалып, қаскөйлер тайып тұрған. Қазір қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді министр Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысынан кейін журналистердің сәйкес сұрақтарына жауап берген кезінде.

Министр атап өткендей, травматикалық тапаншаны қылмыскерлер сол күйі өздерімен бірге алып кеткен.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Алматыда «Центркредит» банкінің бөлімшесіне шабуыл жасалды. Ақша тонап үлгермеген қылмыскерлер өздерімен банк күзетшісінің тапаншасын алып кеткен. Алматыда «Сирена» арнайы операциясы жарияланды.

ДереккөзБАҚ