Картина желісі бойынша кішкентай ауылдан бір баланың мәйіті табылады. Жергілікті полицейлер қылмыскерді іздейді. Тергеуші Бекзат істі тезірек жауып тастауды ойлайды, бірақ қаладан келген журналист Ариана Бекзаттың жоспарына кедергі болады. Тергеушіге істі қайта жалғастыруға тура келеді. Ол бұрын істі бұлай созып көрмеген еді.
«Қап-қара адам» фильмінің сценариін Әділхан Ержанов пен Нидерланды драматургы Ролаф Ян Миннебоо жазған. Бас продюсерлер — Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев. Фильмнің композиторы — Ғалымжан Молданазар. Тергеуші Бекзат ролін актер Данияр Алшынов, Ариана болып Динара Бақтыбаева ойнайды. Динара Бақтыбаева Әділхан Ержановтың «Әлемнің ерке енжарлығы» фильміне де түскен.
«Қап-қара адам» бірнеше халықаралық кинофестивальге қатысып, Австралияда өткен Asia Pacific Screen Awards-2019 байқауында «Үздік режиссер» номинациясы бойынша жеңіп шыққан. Бұл байқауды «Азия «Оскары» деп те атайды.
Фильм мінезінің жағымсыз тұсын жеңіп, соңында нағыз адамға айналатын кейіпкер туралы. Басында көрген адамыңыз фильм соңында мүлдем өзгереді. Адамның қалай тазаратынын көрсетіп, жақсы мен жаманды айыра алатын жаңа кейіпкерді жарыққа шығарғым келді. Бұл — мен үшін ең маңыздысы, — дейді Әділхан Ержанов.
Режиссердың айтуынша, «Қап-қара адам» фильмі өткен ғасырдың 40-50-жылдарындағы қылмыс драмасы немесе нуар жанрында түсірілген. Онда детектив пен басқа да жанр элементтері бар. Картина дүниежүзіне 2019 жылы таныстырылды, Қазақстанда прокатқа енді шыққалы отыр.
Көбіне авторлық фильм түсіремін. Ал оларды прокатқа шығару қиындау. Көрермен коммерциялық емес фильмдерге үйренбеген, — дейді Әділхан Ержанов.
Тергеуші Бекзат сияқты кейіпкерді ойнауды актер Данияр Алшынов бұрыннан армандапты.
Түсіру алаңындағы атмосфера тамаша болды. Бұл — режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Бірінші күннен ол маған кейіпкерімнің қандай жолдан өтетінін айтты. Сонда Бекзаттың маған арналған, өзім армандаған роль екенін түсіндім, — дейді Данияр Алшынов.
Ал актриса Динара Бақтыбаева «Қап-қара адамды» режиссердың ең жақсы фильмі деп есептейді.
Бұл — Әділхан Ержанов түсірген фильмдердің ішінде маған қатты ұнайтыны. Фильм өте терең әрі салмақты. Өз әлеміне алғашқы секундтан тартады, — дейді Динара Бақтыбаева.
Режиссер биылғы көктемде келесі фильмін түсіргелі отыр.
Айта кетейік, 30 қаңтарда сағат 19.00-де Алматыдағы «Меломан-гранд» (Гоголь көшесі, 58) дүкенінде «Қап-қара адам» фильмінің прокатқа шығуына орай режиссер Әділхан Ержановпен кездесу өтеді.
Ал 1-5 ақпан күндері «Арман» кинотеатрында (Достық даңғылы, 104) режиссер фильмдерінің ретроспективасы өтеді. Ретроспективада Әділхан Ержановтың мына картиналары көрсетіледі:
1 ақпан, 16.00 — «Үкілі Кәмшат» (2014)
2 ақпан, 16.00 — «Қаратас ауылындағы оба» (2016)
3 ақпан, 19.00 — «Түнгі Құдай» (2018)
4 ақпан, 19.00 — «Әлемнің ерке енжарлығы» (2018). Көрсетілімнен кейін режиссер Әділхан Ержанов көрермен сұрағына жауап береді.
5 ақпан, 19.00 — «Қап-қара адам» (2019).