Маманның айтуынша, көктем мен жазда дала кезетін тышқандар мен егеуқұйрықтар күз бен қыста үй-жайларға, қора-қопсыға тығылады. Олар өзімен бірге далалық жерлерден елді мекендерге түрлі жұқпалы ауру алып келеді.

Ақбота Тазабекова кеміргіштер тарататын жұқпалы ауру түрлеріне жеке-жеке тоқталды.

Оба ауруының жасырын кезеңі 3-6 тәулікке дейін жалғасады. Егер адам егілген және антибиотик ішкен болса, 9 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды.

Оба жұқтырған адамның қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, басы ауырады, басы айналады, әлсірейді, ұйқысыздық пайда болады. Ауру асқына бастаса, адам есінен танып, жүрек соғысы жиілейді. Обаны жұқтырған адам өліп кетуі де мүмкін, — дейді маман.

Туляремия ауруы инфекциясы бар немесе өлген тышқаннан, ауру кеміргіштер ластаған су мен азық-түлікті пайдаланғаннан жұғады. Бұл ауру жедел басталады. Науқастың дене қызуы көтеріледі, қалтырайды, басы ауырады, әлсірейді, бұлшықеті ауырады, тәбеті нашарлайды, ұйқысы бұзылады. Бірақ туляремия оба сияқты емес, науқастан сау адамға берілмейді.

Туляремиямен ауырған адам айналасындағы адамдарға қауіпті емес. Туляремиямен ауырып жазылған адамға бұл дерт екінші қайтара жұқпайды, — дейді Ақбота Тазабекова.

Листериоз — кеміргіштер тасымалдайтын инфекциялардың бірі. Ол кеміргіштерден мал азығына түсіп, одан мал еті мен сүті арқылы адамға жұғуы мүмкін. Сонымен бірге инфекция қансорғыштар арқылы, жыныстық қатынас арқылы адамнан адамға тарайды, анадан құрсақтағы балаға беріледі.

Вирусы бар кеміргіш бір жанасса болды, оны адамға жұқтыра алады. Егер вирусты жүкті әйел жұқтырса, көп жағдайда іштегі бала сау боп тумайды, — дейді Ақбота Тазабекова.

Иерсиниоз — ең әуелі асқазан-ішек жолы мен бауырды зақымдайтын инфекциялық ауруы. Адамда улану белгісі білініп, тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылады. Маманның айтуынша, бұл ауруды жұқтырғанда адам уақытша сал болып қалуы мүмкін.

Вирустың жасырын кезеңі 15 сағаттан 8 тәулікке дейін барады. Ауру асқынғанда адамның ыстығы көтеріледі, құсады, басы айналады, іші өтеді, асқазан мен іштің төменгі бөлігі ауырады, — дейді обаға қарсы күрес бөлімшесінің сарапшысы.

Лептоспироз — көбіне су арқылы жұғатын жедел инфекциялық ауру. Тышқандар ластаған суда лептоспира бактериясы қалады да, оны пайдаланған адам ауру жұқтырып алады. Лептоспироз жұқтырған адамның тері қабаты зақымданады.

Бұл инфекцияны жұқтырған адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, қалшылдайды, басы солқылдап ауырады, ұйқысыздық пайда болады. Сонымен бірге адам ашуланшақ бола бастайды, — дейді маман.

Обаға қарсы күрес қызметінің маманы кеміргіштер таратын аурулардан сақтану үшін мынадай кеңес береді:

  • Кеміргіштер немесе олардың іні бар жерлерде тұруға және төсеніш төсеуге болмайды;
  • Тышқан аулауға болмайды. Әдетте мұны балалар ермек етеді. Сау тышқан ұстата бермейді, балалар көбіне ауру тышқанды ұстап алуы мүмкін;
  • Өлі тышқанды ұстамау керек;
  • Кеміргіштер тарататын инфекцияларға қарсы егілу қажет;
  • Үйді, қоймалардың санитария жағдайын жақсартып, аумақтарды қоқыстан тазартқан дұрыс;
  • Үйде асырайтын кеміргіш түрлерін ветеринарға тексертіп тұру керек;
  • Азық-түлікті жабық күйде сақтаған жөн.