Президент ұшақ апатынан зардап шеккендердің шағымы туралы айтты

Өкінішке қарай, жақында қайғылы жағдай болды, ұшақ құлады. Маған зардап шеккендерден хат келіп жатыр, олар өтемақы алмай жүр. Адамдар ауруханада жатыр, кейбіреулері жұмысқа жарамсыз болып қалды. Осыған байланысты қандай жұмыс істеліп жатыр? — деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына бюджеттен 4 миллион теңге берілгенін айтты.

Сонымен бірге барлық жолаушы сақтандырылған, төлем жақын арада жүзеге асады. Барлық қажетті құжат рәсімделді. Зардап шеккендердің арасында түрлі өңірдің адамы бар. Барлығы 52 адам зардап шекті. Оларға жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмек береді, — деп түсіндірді Роман Скляр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені тезірек шешуді тапсырды.

Тездетуді өтінеміз. Зардап шеккен адамдар Үкімет пен әкімдіктерден көмек алуға тиіс. Мен әкімдердің назарын осы мәселеге аударамын. Жақын арада мәселені шешіңіз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты.