Студенттер жасаған 3D принтер америкалық баламадан жеті есе арзан тұрады. Олар оқитын Қарағанды политехникалық колледжінің IT орталығына барлық студенттер қатыса алады. Мұнда олар бағдарлама жасаумен айналысып жүр.
«Біздің орталықта студенттер ойлап тапқан заманауи құрылғылар көп. Бізде автоматтандырылған қойма бар, онда толық контроллер арқылы жұмыс жасауға болады. Жүк тасымалдайтын лифт бар. Қазіргі өндіріс ошақтарында барлық жүйе автоматтандырылған, сондықтан бұл ойлап тапқан құрылғыларды патенттеп алуды көздеп отырмыз», дейді қалалық политехникалық колледжі ақпараттық технологиялар бойынша директорының орынбасары Рамазан Қалиев.
Сондай-ақ, бұл құрылғылар арқылы ақылды баспананы басқаруға да болады. Қазір политехникалық колледжде 16 мамандық бойынша 5 мың студент білім алып жатыр. Колледж бес жыл бұрын дуалды білім беру жүйесіне көшкен. Соның арқасында түлектердің 80 пайызы бірден жұмысқа орналаса алады.
Ал, 3D принтер жасап шыққан жас ғалымдар осы заманауи құрылғының көмегімен инновациялық жобаларын іске асырмақ.