— Мәди, көпшілік Jas Otan-ның қоғамдағы ролін тек флешмоб ұйымдастырушы деп түсінеді. Бұл көзқарас әбден қалыптасып кетті. Бұған қатысты не айтасыз?

— Мұндай нәрсе мемлекеттің қалыптасуының кейбір тұсында саяси құрал ретінде бір кездері қажет болды. Бұл тек біздің елде емес, өзге мемлекеттерде де жастарды біріктіру, басқа жастарды да сол бағытқа ұмтылдыру үшін қолданылды. Бірақ кей тұста біз артық кеттік, асыра сілтеп жібердік, тоқтай алмай қалдық. Jas Otan-ның тарихында мұндай тұс болды. Қоғамның талабын, ойын ескермей, өзінің бағытын, жұмысын жалғастыра берді. Мемлекеттік органдар да, билік те осы стратегияны ұстанды.

Мұндай сын тек Jas Otan-ға қатысты емес, басқа ұйымдарға да айтылды. Оны білемін, көрдім, мойындаймын. Бірақ қазір осы түсініктен арылу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

5-6 жыл бұрын бәрі басқаша болды. Студентке айтылды ма, ол міндетті түрде өзіне пайдасы жоқ жиында отырды. Ал қазіргі жастар «Ол не үшін керек», «Қанша уақытымды алады», «Кім қатысады», «Маған қандай пайдасы бар?» деген сұрақты міндетті түрде қояды. Бұл — қазір ешкімді мәжбүрлей алмайсың деген сөз.

Жақында 2-курста оқитын студент жігіт «Қазір қорқоршы болып жұмыс істеймін. Күн сайын 7 мың теңге табыс табамын. Оның 5 мың теңгесін ата-анама жіберіп отырамын. Өйткені әкем мен анам жұмыс істемейді, екі бауырым бар. Егер сізге келсем, маған алғысхаттан өзге қандай пайда бар?» — деді. Әрине, мұндай кезде ауызға құм құйылады. Айтар назың болмайды. Өйткені қазір — нарық заманы. Әр адам өзінің пайдасын, өзінің тұрмыс жағдайын ойлайды. Мұны қате демеймін. Өйткені нарық заманында жастар жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болмаса, құр жалау ұстап, флешмобқа қатысудан өзін қалыптастырмайды.

Мәди Ахмет
Мәди Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева

— Осындай көзқарас қалыптаспауы үшін Jas Otan не істеп жатыр?

— Jas Otan жастар саясатына қатысты нақты ұсыныс айтып, мемлекеттің жастарға қатысты бағдарламаларының тұрақты орындалуын қадағалап отыратын орган ретінде құрылды. Бірақ кейін бұл мақсат ұмытылып, басқа мемлекеттердегідей ұйымды басқа мақсатта пайдаланғаны рас. Бұл нәрсе әбден қалыптасып кетті. Сол нәрсе арқылы патриотизмді қалыптастырып жатырмыз деген ой болды. Бірақ заман өзгереді, адамның көзқарасы өзгереді. Кейін оның барлығының пайдасыз, әлеуметтік эффектісі жоқ екені түсінікті болды. «Көш жүре түзеледі». Кезінде солай болды екен деп, тұтас бір ұйымға, онда жұмыс істеп жүрген адамға күйе жағу дұрыс емес. Біреудің істеген жұмысын мойындамау, сынау әркімнің қолынан келеді. Егер шынымен біздің істеп жатқан жұмысымызға көңіліңіз толмаса, бірдеңені өзгерткіңіз келсе, келіңіз, айтыңыз. «Мен бұдан да жақсы жолын білемін, былай істейікші» деп айтатын кез келген адамға есік ашық. Олай істейтіндер жоқтың қасы. Оның орнына fake-аккаунтпен ойына келгенді жазады. Бірақ мұндай негатив пікірден командамыз депрессияға түсіп кетпейді.

Ең бастысы — біз ешкімді алдамаймыз, жемқорлыққа, қылмысқа шақырып жатқан жоқпыз, ешкімнің ала жібін аттамаймыз. Өз көзқарасымыз, позициясымыз бар. Ал Jas Otan-ның әртүрлі бағытта істеп жатқан жұмысы көп. Оны біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан, сайтымыздан көруге болады.

— Көбіне Jas Otan жұмысы өзінің айналасындағы жастарды ғана қамтитын сияқты әсер қалдырады. Қоғамдық бірлестікке мүше жастардың көбі — қалада тұратын, жоғары оқу орнында оқитын студенттер. Ал ауылда тұратын, еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастардың ойы мен тілегін кім ескеруі керек?

—  «Jas Otan университет пен колледжде оқитын жастармен ғана жұмыс істейді» деген сын да көп айтылады. Бірақ жоғары білім ала алмаған, нәпақасын қара жұмыс істеп тауып жүрген жастармен де байланысып жүрміз ғой. Оны ешкім айтпайды. Өйткені мұны біреу біледі, біреу білмейді. Бірақ біз мұны біреуге дәлелдеу үшін істемейміз.

Базарда жұмыс істеп жүрген жастармен жұмысты Алматының Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» базарынан бастадық. Әр бейсенбі сайын мемлекеттік орган қызметкерлері базарда жұмыс істеп жүрген жастардың проблемасын тыңдап, оларға нақты шешім ұсынады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар туралы ақпарат беріледі. «Қандай несиемен баспана алуға болады?» деген сұрақ бойынша және әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша да кеңес беріледі. Бұл жұмыс әлі күнге дейін жүзеге асып жатыр. Базарда жұмыс істейтін азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдікке бару үшін жұмысын тастап, шыға алмайды. Сол себепті жергілікті халықпен жұмыс істейтін ұйым, орталық мүшелерін өзіміз апарып жүрміз. Жақсы нәтиже берді. Бір айдан кейін Алматының сегіз ауданындағы базарларда кеңес беретін орталықтарды аштық.

Қазір азаматтар көп нәрседен хабарсыз, қарапайым нәрсені түсінбей жатады. Неге десеңіз, ақпараттық-түсіндіру жұмысы нашар. Мысалы, жастарға деп тұрғын үй бағдарламасы іске асырылуы мүмкін, оған құжат тапсыруға 10 күн берді делік. Бірақ ол жастарға дедлайн өтіп кеткеннен кейін жетуі мүмкін. Сол себепті осыны түсіндіруді де қолға алдық.

Қазақстанда 3,5 миллион жас бар десек, оның 45%-і ауылда тұрады. Ал олардың проблемасы: тұрақты жұмыс, тұрғын үй мәселесі, сапалы білім алу, салауатты өмір салтына қажет жағдайға қол жеткізу. Өзге жастарды қандай проблема алаңдатады, оларда да сол проблема бар.

Қазақстанда көп студент Алматыда, Нұр-Сұлтанда білім алуға тырысады. Оқу бітірген соң сол қалаларда қалуға тырысады, отбасын құрады. Өйткені Қазақстанның өзге қаласында дұрыс инфрақұрылым жоқ. Сол себепті мегаполистерді ғана дамытпай, еліміздің өзге қалалары мен ауылдарына да көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын.

Мәди Ахметов
Мәди Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева

— Қоғамда ешқандай партияның бағытын қолдамайтын, билікке сын айтып жүрген жастар бар. Өз замандастарыңыздың көзқарасы басқаша болған кезде биліктің позициясын қолдаудан іштей қысылмайсыз ба?

— Тек популизммен, хайппен, хейтингімен, билікке қарсы уәж айтумен, митингіге шығумен ешқандай проблема шешілмейді. Осыны түсінсек екен. Біздің жұмысымызды мемлекеттің саясатын қолдау деп түсінетіндер бар. Біз қолдан келгенше бірдеңені өзгертуге талпынып жүрміз. Оларға қарсы бірдеңе айтудан аулақпын. Әрине, қарсы пікір болуы керек. Тек мақтау мен жақсыны айтудан алға жылжымаймыз. Бір орында тұрып қаламыз.

Иосиф Сталиннің «Не согласен — критикуй, критикуешь — предлагай, предлагаешь — делай, делаешь — отвечай» деген сөзі бар. Сынауға келгенде бәрі  шебер. Ал оны ұсыну, ол іске білек сыбанып кірісу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер соншалықты елдегі жағдайға көңіліңіз толмаса, келіңіз, айтыңыз, көмектесіңіз. Есігіміз ашық. Тыңдағымыз келеді. Менің достарымның, туыстарымның, бірге оқыған топтастарымның арасында да маған сын айтатындар жоқ деп ойлайсыз ба?

Instagram-дағы әр жазбама, stories-теріме қарсы пікір жазатындар жетеді. Бірақ олардан қалай жұмыс істеуге болатынын үнемі сұрап отырамын және әрдайым жұмысыма пайдаланамын. Сол себепті біздің қоғам әр адамның еңбегіне құрметпен қарауды үйренсе деймін.

Бір-біріміздің көзқарасымызды, таңдауымызды, ойымызды сыйламайынша, саяси мәдениет жоғарыламайды. Балағаттау, ауызға келгенді айту, өзінен басқаның пікіріне құлақ аспау — төмен деңгей. Конструктив диалог арқылы бір-бірімізді түзеу болса, бұл — басқа әңгіме. Маған жиі айтылатын сынның бірі  — «Қазақстан жастарының атынан сөйлейтін Мәди Ахметов кім еді?»

Мен ешқашан бүкіл қазақ жасының атынан сөйлеген емеспін. Мен тек Jas Otan-ға мүше жастардың ойы мен тілегін жеткізіп жүрмін. Мені Алматы бойынша Jas Otan төрағасы етіп ешкім тағайындаған жоқ. Осы ұйымға мүше адамдар сайлады. Олар ұйымның атынан сөйлеуге құқық берді.

Қазір парламенттік мемлекетті, демократияны талап етіп жүргендер бар. Оларға қарсы ештеңе айтпаймын. Бірақ олар не себепті бүкіл азаматтың, жастың атынан сөйлейді? Митингіге ары кетсе, 20-30 адам шығады. «Біз, жастар, қарсымыз», «Біз, Қазақстан азаматтары, мына нәрседен шаршадық» деп жатады. Неге біз? Оларға бүкіл жастың, бүкіл Қазақстан азаматының атынан сөйлеуге кім құқық берді? Маған қойылатын сұрақты оларға да қойғым келеді.

Мәди Ахмет
Мәди Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева

— Жастар жылына қазына қаржысынан 120 миллиард теңгеден көп ақша жұмсалыпты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде 200 мыңнан астам жастың жұмыссыз жүргенін айтты. Сіздің ойыңызша, Жастар жылы аясында іске асырылған шаралар шынымен жастардың проблемасын шешуге мүмкіндік берді ме?

— Жастар жылының маған ұнаған тұсын айтайын. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша жастарды оқытып, оларға стипендия төлеп, бизнесін ашуға 505 мың теңге көлемінде грант берілді. Менің үш досым осы бағдарламаның қолдауымен оқу орталығын, тігін цехын, енді біреуі шағын шаштаразын ашты.

Алматы бойынша 2650 адам осы бағдарлама бойынша білім алып, стипендиясын алды. Оның 700-ден астамы жалпы қосқанда 900 миллион теңгедей грант алды. Олардың бәрі бірдей бизнесін бірден дамытып кеткен жоқ. Бірақ мұның өзі көмек болды деп ойлаймын.

Жұмыс істейтін жастарға пәтер беру мәселесі де былтырдан бастап ақырындап шешімін тапты деуге болады. Бізде тұрғын үй мәселесі қай кезде де проблема болып келді. Өйткені ипотекамен үй алуға керек алғашқы соманың өзін жинай алмай жатамыз. Барлық тапқанымыз пәтер жалдау мен күнкөріске кетеді. 1000 жұмысшы жасқа үш қалада жалға пәтер берілді. Онлайн платформа бойынша құжат өткізді. Бұл тұрғын үй мәселесін толық шешпесе де, жастарға пайдасын тигізді деп ойлаймын. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

Жастар жылына көп жоспар болды. Бірақ елдегі саяси, әлеуметтік мәселелер, көпбалалы аналардың проблемасы, Арыс оқиғасы, Президент сайлауы тақырыптың жастардан алшақтауына себеп болғаны рас. Істелген жұмыстың бәрін жаман деуге келмейді, барлығы керемет деуге де әлі ерте: 50/50. Ендігі үміт Волонтерлар жылында.

— Әңгімеңізге рақмет!