«Микки Маус»

Микки Маус
Фото: Wikipedia.org

Тышқан туралы мультфильмдерді The Walt Disney Company компаниясының символы Микки Маустан бастағанымыз жөн. Миккидің туған күні 1928 жылдың 18 қарашасы делінеді. Сол күні «Вилли кемесі» (Steamboat Willie) мультфильмі көрерменге ұсынылған. Бірақ Микки көпшілікке одан бұрын дыбыссыз мультфильмде танылған еді.

Уолт Диснейдің бұл персонажы — адам кейпіндегі тышқан. Алғашқы бөлімдерінде Миккидің Минни есімді досы болады. Онда Микки қарапайым тышқан, сыпайы кавалер, сарбаз және турист ролінде. Осы уақытқа дейін Микки туралы 46 қысқаметражды, 9 толықметражды фильм, 6 сериал шыққан.

«Том мен Джерри»

Том мен Джерри
Фото: Metro-Goldwyn-Mayer

Джерри шапшаң әрі пысық. Осынысымен ол өзінен әлдеқайда үлкен мысық Томды шаң қаптырмай кетеді. Том қанша әуреленгенімен Джерридің айласына алданып қалады. Бітпейтін бәсеке көрерменнің ішін пыстырмайды.

Мультипликатор Уильям Ханна мен аниматор Джозеф Барбераның бұл сериалының пилот нұсқасы 1940 жылы шыққан. Содан бері «Том мен Джерри» көрерменнің арасында тез танылып, әлемде үлкен сұранысқа ие болды. Бұл сериалдың 7 эпизоды «Үздік анимациялық қысқаметражды фильмі» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын алған.

«Стюарт Литтл»

Стюарт Литтл
Фото: Lostfilm.info

Элеонора мен Фредерик бала асырап алуды жоспарлайды. Ерлі-зайыптының ұлы Джордж інілі болғысы келеді. Отбасы жұбы балалар үйіне барғанда Стюарт есімді сөйлейтін тышқанмен танысады. Элеонора мен Фредерик ақылды тышқанды асырап алады.

Режиссер Роб Минкоффтың бұл анимациялық фильмі 1999 жылы шыққан. Фильмге актерлардың ойыны 3D-анимациямен енгізілген. Отбасылық драма бірнеше киножүлдені жеңіп алған.

«Элвин мен боршатышқандар» (Alvin and the Chipmunks)

Элвин және боршатышқандар
Фото: Kinogo.cc

Дэйв — танымал музыкант. Бірақ кейінгі кезде оның жолы болмай жүреді, әндері ешкімге ұнамайды. Жаңа жыл қарсаңында оның үйіне үш жігіт тап болады. Бұл үш ағайынды бұзық, көп сөйлейді. Алғашында Дэйв оларды жақтырмағанымен уақыт өте үш жігіт оның жаңа жобасына айналады. Дэйв оларды танымал етеді және өзінің әндерін жарыққа шығарады.

Фильмнің режиссеры — Тим Хилл. Картинаның бірнеше бөлімі бар.

«Эрнест пен Селестина»

Фото: Wap.filmz.ru

Селестина өзге тышқандар сияқты жертөледе өмір сүреді, өзі — болашақ стоматолог. Кәсіби дайындық үшін оған аюдың түсіп қалған тісі керек. Соны іздеймін деп аю Эрнестпен кезігеді. Эрнест Селестинаны жеп қоя жаздайды. Бірақ көп ұзамай екеуі достасып кетеді.

Франция мен Бельгия бірігіп түсірген драма 2012 жылы шыққан. Мультфильм 2014 жылы «Үздік анимациялық толықметражды мульфильм» номинациясы бойынша «Оскар» алған.

«Рататуй»

Рататуй
Фото: Geekhero.ru

Егеуқұйрықтың баласы Реми дәм мен иісті жақсы сезеді. Ол Огюст Гюстоның кітабы туралы телебағдарламадан шабыт алып, аспаз болуды армандайды. Іздегенге сұраған, ол Париждегі атақты мейрамхананың асүйіне тап болады. Сол күннен бастап оның аспаздық өнері талайға таңдай қақтырады. Бірақ оның асүйде жүргенін бір адам ғана білетін.

Американың мультипликация режиссеры Брэд Бердтың бұл еңбегі көрермен арасында тез танылды. Автор бұл жобаға біраз дайындалған. Францияға саяхаттап, кәріз жүйесін көріп қайтқан. Сонымен қатар түсірілім тобы аспаздармен бірге жұмыс істеп, тағам дайындаудың қыр-сырымен танысқан. «Рататуй» «Оскарды» 5 номинация бойынша жеңіп алған.

«Ұлы тыңшы» (The Great Mouse Detective)

Ұлы тыңшы
Фото: Multy-pulty.ru

Американ мультипликаторы Рон Клементс тышқандар өмірі туралы детективті Ив Тайтустың «Бэйкер-стритте тұратын Бэйзил» повестер сериясының мотиві бойынша түсірген. Кішкентай тышқан Оливия әкесі мистер Флэвершеммен бірге туған күнін атап өтеді. Мистер Флэвершем — қуыршақ шебері. Бір күні Оливияның әкесін ақсақ жарғанат Фиджет ұрлап алып кетеді. Оливия бірден тышқандар патшалығына «Ұлы тыңшы» деген атпен танылған Бэйзилды іздейді. Осы сәтте Лондонға әскери дәрігер Дэвид Доусон келеді. Келе сала ол әкесінен айырылып, еңсесі түскен Оливияны кездестіреді. Дэвид Доусон қызбен бірге тыңшыны іздейді. Ұлы тыңшы Бэйзил Шерлок Холмстың үйінде тұрады екен. Оливия тыңшыдан әкесін тауып беруді өтінеді.

«Ангелина балерина»

Фото: Amazon.com

Ангелина — билегенді жаны сүйетін сүйкімді қыз. Ол ата-анасымен бірге тышқандар елінде өмір сүреді. Бұл өңірде адамдар туралы аңыздарда ғана айтылады. Дегенмен тышқандар елінде адамдарға тән өмір салты қалыптасқан. Тұрғындардың арасында балетке қызығатындар бар. Ангелина да прима-балерина болуды армандайды. Сахнада өнер көрсетіп, танымал болғысы келеді. Қалауына жету үшін ол көп еңбектенеді. Тіпті театр да ашады. Балаларға арналған сериалда кішкентай тышқанның балет бишісі боламын деген арманына жету жолы баяндалады. Сериалдың әр бөлімі 12-13 минутқа созылған.

«Жуын!» (Flushed Away)

Фото: Аfisha.uz

Родди — Лондонның ең бай ауданында тұратын үй тышқаны. Ол ақсүйектерше өмір сүргенімен өзін жалғыз сезінеді. Бір күні мұның үйіне өмірін канализацияда өткізген тышқан Сид тап болады. Мұндайды өмірі көрмеген Родди одан тезірек құтылғысы келіп, унитаздан ағызып жіберуді ойлайды. Бірақ Родди қазған орына өзі түсіп, «цивилизациядан канализацияға», яғни өркениетті өмірден нәжіс ортасына топ етеді.

Мультфильм 2006 жылы шыққан. Авторлары — ағылшын режиссерлары Дэвид Бауэрс пен Сэм Фелл.

«Құтқарушылар» (Спасатели)

Құтқарушылар
Фото: Forumdaily.com

Кеміргіштердің өз әлемі бар. Олар да Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты Көмек пен құтқару қоғамдық ұйымын құрады. Бір күні 8 жасар қыз Пенниді ломбардтың қожайыны өз бизнесіне пайдалану үшін алып қашады. Пенни кімнен көмек сұрарын білмей хат жазып, оны бөтелкеге салып, суға ағызып жібереді. Бөтелкедегі хат қоғамдық ұйым мүшелерінің қолына түседі. Құтқарушы тышқандар жетім қызға көмектесу үшін штаб-пәтерде жиналып, іске кіріседі.

«Құтқарушылар» — The Walt Disney Company компаниясының толықметражды 23-мультфильмі. Анимация 1977 жылы шыққан.