Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев:...

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге басқарушылардың жаңа командасы қажет

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев кадр резервіне іріктелген жастарға бұл жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес, ол ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу екенін айтты.

Қазақстанға мемлекеттік басқарудың жаңа, қоғамның сұранысына сай, тиімді әрі әділ моделі керек. Сонымен бірге ол ең озық технологияларды қолдануға негізделуге міндетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мемлекеттік орган өкілдерінің әрбір шешімі азаматтарға түсінікті болуы қажет екенін айтты.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының нормалары сапалы орындалуы керек. Шешім қабылдау кезінде барлық талап сақталуға тиіс. Шын мәніндегі әділдік қағидасын осылай іске асыруға болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент резервке өткен азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа барынша қарсы тұру негізгі мақсат екенін және қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айта алуы қажет екенін де айтты.

Қазақстандықтардың арыздарын, ұсыныстарын немесе өтініштерін шұғыл қарау керек. Олар бойынша қағазбастылықсыз нақты шешім қабылдануға міндетті. Таяу жылдары мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюрократия рәсімдерінің көбі автоматтандырылады, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік басқарудағы проблемалардың бірі — команда болып ауысу.

Есептерде мемлекеттік органдардағы ауысу көрсеткіші, тұтас алғанда, 6-10% шамасында. Бірақ іс жүзінде министр немесе әкім ауысқанда кадрлар құрамы айтарлықтай өзгеретіні бәріне белгілі, — деді ол.

Президент жастардың кадр резервіне өткендерден елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін айтты. Алдағы уақытта бұл азаматтар мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберіледі. Қазірдің өзінде резервке өткен 55 азамат жаңа қызметке бекітілген.

Мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар. Бұл — елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет — талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуал ұлт қалыптастыру үшін қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесінде кадрды жаңарту — ішкі саяси жағдайдың басым бағыты. Кадр резервін қалыптастыру жұмысы осымен тоқтамайды, алдағы уақытта оған басқа да лайық жастар кіруі мүмкін.

Бізге түрлі сала бойынша жаңа формациядағы басқарушылар командасы қажет, олар жауапкершілік алудан, тың әрі тиімді шешім қабылдаудан қорықпайтын болуы керек. Еліміз мұқтаж болып отырған нәтижені тап сондай адамдар бере алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу 2019 жылы қыркүйекте басталды. Жобаның стратегиялық мақсаты — тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру, басқарушы болуға қабілетті талантты және креатив жастарды іріктеу. Резервке іріктеу желтоқсан айының соңында аяқталды. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттің жастар кадр резервіне барлығы 300 жас қабылданды.