Роман Скляр Bek Air әуе компаниясының лоббиі туралы айтты

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air әуе компаниясы лоббистермен бірге ішкі рейстерді IOSA сертификатынсыз орындауға жылдар бойы тырысып баққанын айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

Халықаралық тасымалды іске асыратын біздегі барлық әуе компаниясы IOSA сертификатын алған. Ішкі тасымал үшін де осындай сертификаттың болуы талап етілді. Бірақ 2016 жылы, білесіздер, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай кампания жүрді. Журналистер мен депутаттардың кейбірі оны қолдады… Уәкілетті орган, Индустрия министрлігінің Азаматтық авиация комитеті IOSA сертификаты сыртқы тасымалға да, ішкі тасымалға да бірдей қажет екені туралы осы қаулыны енгізгенде қандай да бір сақтандыруды, яғни қосымша талапты ескерген еді. Біз авиацияда қауіпсіздікке кедергі келтіретін қосымша талап деген, артық нәрсе деген болмайтынын жақсы түсінеміз. Соған қарамастан Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бұл кәсіпкерлер құқығын бұзу деп есептеп, нұсқау берді де, министрлік ішкі рейстер үшін бұл талапты алып тастады, — деді Роман Скляр Үкімет отырысында.

Вице-премьердің айтуынша, Bek Air компаниясы халықаралық әуе рейстерін орындау үшін мемлекеттен IOSA сертификатын алып тастауды талап етуге де бірнеше рет әрекеттенген.

Бірақ көрсетілген қысымға қарамастан министрлік бұған келісім бермеді, — деді Роман Скляр.

27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған. Ұшақ әуеге көтеріліп жатып бетон қоршауды қағып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. 12 адам қаза тапты, қазір 46 адам ауруханада жатыр. Ұшақтың бортжазбасы Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне жіберілді. Әуе компаниясының қызметіне және Fokker 100 ұшақтарын қолдануға уақытша тыйым салынды.