Басты бетЖаңалықтарАлматыда Жастар...

Алматыда Жастар жылының қорытындысы шығарылды

Алматыда Tuńǵyshtar kezeńi форумында Жастар жылы қорытындыланды. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шарада Алматының жастар ұйымдары әлеуметтік жобаларын таныстырды. Форумға Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты.

Алматы — жастар қаласы. Бүгінде Алматыда 700 мыңға жуық жас бар. Олардың 233 мыңы — студент. Олар 39 жоғары оқу орны мен 80 колледжде білім алып жатыр. Елдің болашағы жастардың біліміне, жігері мен отансүйгіштік қасиетіне байланысты, — деді Ержан Бабақұмаров.

Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, Елбасының тапсырмасы аясында биыл қаланың жұмыс істейтін 249 жасы жалға берілетін пәтер кілттерін алды. 2020 жылы жұмыс істейтін жастарға тағы 1000 пәтер жалға беріледі.

Жыл басынан бері 29 жасқа дейінгі 14 966 адам жұмысқа орналастырылған. Қысқамерзімді курсқа 664 жас жіберілген.

Жастар жылын қорытындылау
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қалада «Жас кәсіпкер» жобасының бірінші, екінші және үшінші легі бойынша NEET санатынан 18 бен 29 жас арасындағы 2 650 адам бизнес бойынша оқытылды. Жоба «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында жасалған. Ол қаланың 8 ауданын қамтыды. Бұл аудандарда жобаның 34 оқу класы ұйымдастырылған. Бұл жоба жастарға кәсіпкерлік негіздерін игеруге, жеке кәсіп ашып, жарты миллион теңге (200 АЕК) субсидия түрінде бастапқы капитал алуға және 16 759 теңге мөлшерінде біржолғы стипендия алуға мүмкіндік берді.

Алматының болашағы — кәсіпқойлардың, ғалымдардың, менеджерлердің, кәсіпкерлердің және өзге де мамандардың жаңа буыны. Жастар — қаланың баға жетпес адами капиталы, — деді Ержан Бабақұмаров форумда сөйлеген сөзінде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған еді.  Осы бастама бойынша Алматыда «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім» және «Үміт» жұмыс топтары жұмыс істейді.

Форумда Алматының түрлі саладағы белсенді жастары марапатталды. Олардың арасында жас кәсіпкерлер, ғалымдар, режиссерлар, актерлар, суретшілер, университет профессорлары мен жастар қозғалысының жетекшілері бар.