Желтоқсанға қарай Қазақстанда алтыннан жасалған зергерлік әшекейлердің бір грамы орташа есеппен 17,5 мың теңге болды, былтырғы 11 аймен салыстырғанда баға 9,2% өскен. Energyprom.kz мәліметінше, алтын әшекейлер Нұр-Сұлтанда, Атырауда және Ақтауда қымбаттап отыр.
Нұр-Сұлтанда алтын әшекей бұйымдарының грамы 24,8 мың теңге тұрады, тауар бір жылда 4,5% қымбаттады. Атырауда мұндай әшекейлердің бір грамының орташа бағасы — 20,4 мың теңге, баға бір жылда 8,6% көтерілген. Ал Ақтау тұрғындары алтын бұйымдардың бір грамын 20,3 мың теңгеден сатып алады, әшекей бұйымдары бір жыл ішінде 11,2% қымбаттап кеткен.
Қазақстанда күміс әшекейлер бір жылда 2,7% қымбаттаған: 1 грамм күміс әшекей — 1,5 мың теңге. Баға Атырауда 11,4% (2,3 мың теңге), Нұр-Сұлтанда 0,3% (2 мың теңге), Алматыда 3,1% (1,9 мың теңге) өскен.
Алтын және күміс әшекейлер мен қолсағаттарды қоса есептегенде баға былтырғы 11 айға қарағанда 7,7% көтерілген.
Биылғы 11 айда елімізде 668,5 миллион теңгенің әшекей бұйымдары өндірілген, өндіріс көлемі былтырғыдан 20 миллион теңгеге көп. Бірақ ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі ақшалай есептемегенде өндіріс көлемі азайып жатқанын көрсетеді.
Айта кету керек, Қазақстанда зергерлік фабрика салынғалы отыр. Жобаның құны — 2,5 миллиард теңге. Өндіріс орны «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында болады. Инвесторы — Jewellery Company LUCA компаниясында тең үлесі бар Қазақстан резиденттері. Фабрика әуелі айына 50 келі, кейін 200 келі бағалы металл өңдейді. Жоба 207 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, фабрика өнімі импортты 20%-тен кем емес мөлшерде алмастырады. Дайын өнім АҚШ, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдеріне экспортталады.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Osama SarSar)