Қазақстан мен Беларусь басшылары қандай келісімдер бекітті?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізгеннен кейін екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан әрі жандандыратын және халықаралық аренадағы іс-әрекеттерді үйлестіретін Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Беларусь басшылары келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды:

  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Беларусь Республикасының Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Беларусь Республикасының Президенті жанындағы Жедел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары;
  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Беларусь Республикасының Мемлекеттік мүлік комитеті арасындағы жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша келісім;
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.