«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуы еліміздің дүниежүзі бойынша рейтингілерде жоғары орындарға көтерілуіне ықпал етті. Қазақстан экономикасын цифрландыру тақырыбына арналған Digital Samruk конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин осылай деді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияда Премьер-министр Қазақстан экономикасын цифрландыру еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал еткенін айтты.
Бағдарламаны 2018 және 2019 жылдары іске асырудың жалпы экономикалық эффектісі 600 миллиард теңгеден асты. Мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы салалары, көлік және тау-кен металлургия секторларында цифр технологияларын енгізуде айтарлықтай жетістіктерге қол жетті, бұл Қазақстанның өзекті әлемдік рейтингілердегі орнын жақсартуға мүмкіндік берді, — деді Асқар Мамин.
Премьер-министрдің айтуынша, цифрландыру жаңа құн құрудың тетігі болған жағдайда ғана ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне және тұрақты жұмыс орындарының генераторына айнала алады. Сол себепті ол күш-жігерді нәтижелі инновацияларға шоғырландыру керек екенін айтты.
Осы айда Сан-Францискода өткен жұмыс кездесулері аясында нарық көшбасшыларымен акселерация және венчурлық қаржыландыру саласында бірлескен қорлар құру туралы уағдаластықтарға қол жетті. Біз салада қаражаттың қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі шараларды қолға алып жатырмыз. «Самұрық-Қазына» қоры стартаптар инновацияларына тұрақты сұранысты қалыптастыру үшін зор потенциалға және мүмкіндіктерге ие, — деді Үкімет басшысы.
Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстанда Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірге төртінші өнеркәсіптік революцияның Аймақтық үлестес орталығын іске қосу жобасының белсенді фазасы басталды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы базасындағы жаңа орталық бізді әлемнің, соның ішінде Израиль, Үндістан, Қытай, БАӘ, АҚШ және Жапония сияқты елдер бар ірі желімен біріктіреді. Сөйтіп Дүниежүзілік экономикалық форумының әлемдік жетекші серіктес компаниялары желісі арқылы Қазақстанға озық бизнес әріптестерді тартуға ықпалын тигізеді, — деді Премьер-министр.