2020 жылдан бастап табысы аз азаматтарға несие берілмейді

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға байланысты қарыз ұсынатын заңды тұлғаларға қатысты талап күшейеді.

қарыз
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Кейінгі жылдары байқалған тұтынушы несиесінің өсімі қайта бәсеңдеді. Кепілсіз несие беру сегментінде берешек 2017 жылы 31%, 2018 жылы 28% өсті. 2019 жылдың 10 айында кепілсіз тұтынушы несиесі портфелі 8% болды, бұл кезеңде орташа жалақы 16% өсіп, кепілсіз қарыз бойынша берешек 2 есе өсті. Бұл туралы Zakon.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлады.

Жеке тұлғаларды кредиттеу нарығы бойынша Қазақстан қарыз деңгейі төмен елдер тобына жатады. Тұтынушы несиесі портфелінің жалпы ішкі өнімге қатысы — 9,2%. Ресейде бұл көрсеткіш — 14,3%, Польшада 30%-ке жуық, Германияда ол 40%-тен, АҚШ-та 85%-тен асады.

Азаматтардың қарызға белшеден батуына жол бермеу үшін және тұтынушы несиесін тиімді арттыру үшін Ұлттық банк реттеу шараларын қолға алды.

ҚР Президенті биыл 3 шілдеде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл заң бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа қарыз ұсынатын барлық заңды тұлғаның қызметі реттеліп, бақыланады. Несие беру субъектілері қарыз алушыларды қорғау жөніндегі барлық талапты сақтауы керек, олар: қарыз беру туралы келісімшарт шартына қатысты талап, сыйақының шекті мөлшері, кредит бюросына ақпарат ұсыну, берешек коэффициентін сақтау және тағы басқа.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушылардың берешек жүктемесін есептеу тәсілі өзгереді — табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады және банктің өз капиталының жеткілікті болуына қатысты талап күшейеді, бұл банктердің табысы төмен азаматтарға кепілсіз қарыз беруге деген экономикалық ынтасын да азайтады.

Сонымен бірге заңнамаға кепілсіз тұтынушы несиесі бойынша берешегін өтемеген жеке тұлғаларға 90 күннен кейін алым мен тұрақсыздық айыбын төлетуге тыйым салу жөнінде де түзету енгізіледі.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, жергілікті мемлекеттік басқару және бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұл заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған.