Көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтардың қарызы кешіріледі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды.

Президенттік науқан кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге уәде берді.  Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президенттің атына кепілсіз тұтыну несиелерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түсіп жатыр

Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себеппен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Көптеген азаматтың несиелік жүктемесі өсіп, таза табыс көлемі төмендеп жатыр. Адамдар несиелерін өтеудің жолдарын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етіп жатыр, — делінген хабарламада.

Несиелердің  86%-нен астамының мөлшері 1 миллион теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.

Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтты.

Сондықтан Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды.

Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру, — делінген хабарламада.

Жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

«Өмірлік қиын жағдайда қалған ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында қаулы етемін:

1. ҚР Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша мынадай жағдайларда:

1) аталған қарыздар бойынша борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;

2) қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;

3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша  біржолғы тәртіпте шаралар қабылдасын.

2. ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық Банкі:

1)  банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару;

2) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп осы жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

3. ҚР Ұлттық Банкі өзіне шектен тыс тәуекелдерді алған қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша:

1) мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды;

2) табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салуды; 

3) кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдасын.

4. Осы жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі».