Басты бетЖаңалықтарАқтөбеде оқушылар...

Ақтөбеде оқушылар тұрғындарға жолда сақ болуды түсіндірді

Мәлкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты «Жол қозғалысы қауіпсіздігі — өмір қауіпсіздігі» деген жобаны қолға алды. Ол — қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі білім беру және құқықтық шаралар кешені.

Институттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаның алғашқы кезеңдерінің бірі — «Жол әліппесі» акциясы. Оны оқу орнының көлік нысандарында қауіпсіздікті ұйымдастыру кафедрасы 10 желтоқсан — Адам құқығының халықаралық күні KeruenCity Aktobe сауда — ойын-сауық орталығында ұйымдастырды.

Акцияға Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия мен Міржақып Дулатов атындағы №63 мектеп-лицейдің кадеттері, полицейлер, Ақтөбе мәслихатының депутаты Юрий Гончаров, Ақтөбе бойынша іскер әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі Бану Тілегенова және басқалар қатысты.

Жол қауіпсіздігіне арналған шара
Фото: М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының баспасөз қызметі

Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе балаларға жол қозғалысы ережелерін не үшін сақтау керек екені түсіндірілді. Жадынамалар таратылды. Азаматтар Ақтөбедегі жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту туралы ұсыныстарын Пікір кітабы мен Ұсыныстар жәшігіне жазып қалдыра алды. Бұл ұсыныстар «Жол қозғалысы қауіпсіздігі — өмір  қауіпсіздігі» жобасы аясында талқыланады.

Жол қауіпсіздігіне арналған шара
Фото: М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының баспасөз қызметі