Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрияландыру күні шарасына және «Парыз», «Алтын сапа» байқаулары жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шарада Президент Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің кейінгі 28 жыл ішіндегі табыстары туралы айтты.
Индустрияландыру елдің экономикалық дамуының берік негізін қалыптастырды. Бүкіл еліміз бойынша 1300-ге жуық жаңа өндіріс орны іске қосылды. Соның нәтижесінде кейінгі 10 жылда өндеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен астам ұлғайды, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, өңдеу өнеркәсібіне шетелдің 34 миллиард доллардан астам тікелей инвестициясы тартылған. Бүгінде бұл сектордағы экспорт көлемі 30%-тен астам артып, 165 миллиард долларға жетті. Қазақстанда шығарылған өнім әлемнің 120-дан астам мемлекетіне жеткізіледі.
Индустрияландыру әлемдік дағдарыс кезінде экономикамыздың дамуына тың серпін берді. Экономиканың көптеген саласы мен секторының түрі, құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Металлургия саласында рельс, темір арқан, радиаторлар және басқа да болаттан жасалған дайын өнім шығарыла бастады. Елімізде алюминийдің бастапқы түрін қайта өңдеу ісі артты. Бүгінде Қазақстан әлемдегі титан өндіретін ірі елдердің қатарына қосылды. Бұрын шығарылмаған титан құймалары мен қорытпалары секілді өнім түрлерін өндіру игерілді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, машина жасау саласында өндіріс көлемі 8 есе артты. Биылғы 10 ай ішінде 38 мыңнан астам автомобиль шығарылды.
Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай цифр технологиясын енгізген өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Нәтижесінде технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды өндіріс», яғни толық автоматтандыру мен роботтандыруға көшу қамтамасыз етілуге тиіс, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдерін жаңа сын-қатерлерді ескеруге үндеді. Сауда соғысы мен санкциялық шектеулер жағдайында Қазақстанның экономикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін ұлттық бизнестің халықаралық бәсекеге қабілетін арттыру маңызды болып отыр.
Индустрияландырудың үшінші бағдарламасын іске асыру 2020 жылдан басталады. Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа негізделген өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытын айқындадық. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру кезінде өткен бесжылдықтардағы кемшіліктерді ескеріп, өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту, шығарылатын өнімдерді технологиялық тұрғыдан күрделендіру, сапалы жұмыс орындарын ашу сияқты міндеттерді орындау керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы экономикадағы құрылымдық трансформацияның негізгі факторы болуға тиіс. Нәтижесінде экономиканың теңгерімді өсімі мен азаматтардың әл-ауқаты артады.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнес өкілдеріне арналған «Парыз» республикалық конкурсының жеңімпаздарын және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттады.
«Парыз» конкурсының гран-при жүлдесін «Еуразия тобы» (ERG), «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша алтын жүлде «Абзал және К» компаниясына (Қызылорда облысы) берілді.
Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Қарағанды облысындағы «Бёмер Арматура» серіктестігіне, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша Қызылорда облысындағы СКЗ-U компаниясы иеленді.