Нұр-Сұлтанда  Astana Club саяси форумының мерейтойлық отырысы кезінде «2020 жылы Еуразияға төнетін 10 негізгі сын-қатер» рейтингісінің екінші басылымы таныстырылды. Форумның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл зерттеуге пікіріне ірі БАҚ пен халықаралық институттар және мемлекет көшбасшылары құлақ асатын 40 беделді сарапшы мен саясаткер қатысты.

Ауқымды зерттеу жұмысының қорытындысы туралы сарапшыларға жоба жетекшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры (ӘЭСИ) Ержан Салтыбаев, рейтинг авторлары Словенияның бұрынғы Президенті Данило Тюрк, Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум (АҚШ), Ресейдің ПИР-орталығының төрағасы, генерал-лейтенант Евгений Бужинский тарқатып айтып берді.

Жыл сайынғы рейтингіні әзірлеудегі басты мақсат — Еуразия аймағындағы мейлінше өзекті сын-қатерді сценариймен болжау және бағалау.

ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев негізгі сын-қатер қатарына сауда соғысы, зымыран-ядро жарысы, сонымен бірге жаңа технологиялар саласында басып озуға бағытталған күрес енгенін айтты.

Жыл сайынғы рейтингіні әзірлеу кезінде біз оның ғылыми-зерттеу мәні мен қолданбалы әлеуетін тереңдетуге көп назар аударамыз. Биыл бізбен бірге жобаны дайындауға халықаралық сараптама орталықтарының жетекшілері мен беделді саясаткерлер және дипломаттарды қосқанда әлемнің 40 сарапшысы қатысты. Біз мәселелерге қатысты жеке көзқарасын білдірген респонденттердің де ауқымын кеңейттік. Былтыр 60 елден 1000-ға тарта азаматды қатыстырсақ, биыл 70 елден 1100 адамды тарттық, — деді Ержан Салтыбаев.

Сонымен сарапшылар 2020 жылы Еуразия үшін мынадай сын-қатер қауіп төндіреді деп отыр:

1. АҚШ Президентін сайлаудан кейінгі ахуал

АҚШ-тың қазіргі Президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану кампаниясын бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытып отыр. Әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге ұласуы мүмкін.

2. Жаһандық экономикалық құлдырау

Дүниежүзіне ықпал ететін кезекті экономикалық дағдарыс дамушы елдердегі экономика мәселелерінің салдарынан болуы мүмкін. Дамып келе жатқан нарықтарда капиталдың кетуі әсерінен валюта бағамы құлдырап, компаниялар қарызға бата бастайды да, жаһандық дағдарыс болады.

3. АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы

АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтыр рейтингінің алдыңғы қатарында болған еді. Бұл 2020 жылы да қауіп төндіреді. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады.

4.   Жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңі

2019 жылы қырғиқабақтықты бәсеңдетуде бәсі жоғары болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімнің күші жойылды. 2020 жылы әлем стратегиялық қару саласындағы «ойын ережесінің» жаппай жойылуына куә болуы ықтимал.

5. Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі

Технологиялық кеңістіктің геосаяси сегментациясы айқын бола түседі. Қытайдың Huawei және ZTE компанияларының мысалдарын IT-өнімдер нарығын аймақтандыру тетігінің үлгісі деуге болады.

6. Иранға қарсы әскери соғыс

Ядро келісімін жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кең таралады. Жағдай Таяу Шығыстағы бүкіл қауіпсіздік жүйесін қысымда ұстайды.

7. Корей түбегіндегі ядро дағдарысы

Солтүстік Кореяның АҚШ-пен бейбіт келісімге келу және арадағы қарым-қатынасын қалыпқа келтірудегі қадамының қарқыны баяу. Екі тарап арасындағы келіспеушілік арта түскен сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Жағдайдың ушығуына 2020 жылғы АҚШ Президентін сайлаудан кейінгі ахуал да ықпал етуі мүмкін.

8. Терроризмнің жаңа толқыны

ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан террор топтары дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әрекет ету ауқымын кеңейтіп жатыр. Жалғыз өзі күрес ұйымдастырғандардың қатары да көбейіп отыр. Сонымен бірге әлем «өзге конфессиялар терроризмі» және «ақ терроризм» аталатын іс-әрекеттің куәсі бола бастады, одан мұсылмандар мен мигранттар зардап шегеді.

9. Басқыншы ұлтшылдық пен популизм толқыны

Популизмді сайлау үдерісіне айналуы мен саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті қиратушы әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді, этникалық және діни араздық қаупін туғызады.

10. Климаттың өзгеруінен болатын ауқымды проблемалар

Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтатуы мүмкін, бұл басқа мемлекеттерге ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясат жүргізуді жеңілдетеді.

Астана клубы
Фото:  Astana Club форумының баспасөз қызметі

Әлемнің жетекші дипломаттары, саясаткерлері мен сарапшылары бас қосатын Astana Club форумы «Назарбаев Орталығында» өтіп жатыр. Оны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырды. Клубтың мерейтойлық отырысының тақырыбы: «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».

Клубтың «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбындағы басқосуына Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Спикерлер қатарында бұрын мемлекет пен үкімет басқарған 9 адам, 9 министр және Нобель сыйлығының 1 лауреаты бар.