Алматыда МӘМС жүйесін енгізуге дайындық пысықталды

Алматыда қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалық етуімен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу жөніндегі өңірлік штабтың отырысын өткізді.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлік штаб міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық мәселесін талқыланды. Штаб өкілдерінің мәліметінше, Алматыда жаңа жүйе үшін барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері 178 медициналық ұйыммен келісімшарт жасады. Келісімшарттардың жалпы құны 116,8 миллиард теңге болады. 2017 жылдың шілдесінен бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын 1,4 миллионнан астам адам үшін қаржы аударылады. Алматыдан қорға түскен барлық сома 48,1 миллиард теңгеден асады.

Жаңа жүйені халыққа түсіндіру үшін биыл 6 мыңнан астам кездесу өтіп, оларға 1,3 миллион адам қатысты. 14 мыңнан астам медицина қызметкері білім жетілдірді. Тегін медицина қызметінің кепілдендірілген көлемі аясында жұмыс істейтін барлық 176 мекемеге медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Дегенмен Ержан Бабақұмаров қолданыстағы ақпараттық жүйелер нақтыланған талаптарға сай толықтыруды қажет ететінін айтты. Сонымен қатар ол қалада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды, бастапқы медицина-санитариялық көмекке тіркелмегендер, өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтар арасында жұмысты барынша күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, отырысқа МӘМС енгізуге дайындықты қамтамасыз етуге жедел ықпал ету жөніндегі орталық штабтың өкілдері: ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР ДМ Тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, ҚР ДМ Тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың Алматы бойынша департаментінің директоры Айзат Молдағасымова және жергілікті медицина ұйымдарының басшылары қатысты.