Асқар Жұмаділдаев #Abay175 эстафетасын жалғады

Академик Асқар Жұмаділдаев ұлы ақынды не себепті құрметтейтінін жеткізіп, "Ғылым таппай мақтанба" өлеңін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоқтаған жерден оқыды.

Асқар Жұмаділдаев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев жолдаған эстафетасын қабыл алып, оны ары қарай халық жазушысы Мұхтар Мағауинге, техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбыраевқа және белгілі жазушы, әдебиеттанушы Тұрсынжан Шапайға жолдады.

Келер жылы ақын, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Қазақстанда ақын өлеңдері мен қара сөздерін оқудан челлендж басталды. Оны әлеуметтік желілерде қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де іліп әкетті.

Айта кетейік, мұның алдында Абайдың 175 жылдығына арналған флешмобқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ол эстафетаны 9 жастағы оқушы Ләйлім-Шырақ Рысқалидан қабылдаған. Сонымен бірге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және басқалар бұл эстафетадан қалыс қалған жоқ. Димаш Құдайберген де Абайдың өлеңін оқып, челленджді фанаттарына жолдады. Флешмобқа Ресейдің белгілі тұлғалары да қатысып жатыр.