Air Astana компаниялар тобы 2019 жылдың операция қорытындыларын және келесі жылға жоспарын жария етті.

Әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Air Astana мен FlyArystan 5 миллионнан астам жолаушыны тасымалдайды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 17%-ке артық.

2019 жыл біз үшін өзгеріске толы болды, өйткені біз биыл 1 мамырда жаңа FlyArystan бюджеттік әуе компаниясын іске қостық. Осы уақыт ішінде лоукостер тамаша нәтиже мен даму үрдісін көрсете алды. Қазақстандықтарға ішкі рейстерде таңдау мүмкіндігін ұсыну арқылы күшейе түсетінімізге сенеміз. Air Astana толық сервисті әуе компаниясының қызметін пайдалануға немесе FlyArystan-ның қолжетімді пакетін таңдауға болады. 2019 жылдың соңына қарай Air Astana компаниялар тобы билет құнын 13% төмендетті. Енді әрбір қазақстандықтың ұшақпен саяхаттай алуы — біз үшін үлкен қуаныш, — деді Air Astana президенті Питер Фостер.

Cонымен бірге Air Astana әуе компаниясы 2019 жылы флотты 4 Airbus A320/321neo ұшағымен және 4 Embraer 190-Е2 әуе лайнерімен толықтырды. Сөйтіп парктің орташа жасы 6,5 жыл болды. Дели, Дубай, Ыстамбұл, Душанбе, Бішкек, Сеул, Мәскеу, Ташкент және Тбилиси бағыттары бойынша жиілік ұлғайтылды, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Шарм-Эль-Шейхке және Алматыдан Бодрумға чартерлік рейстер іске қосылды.

Инженерлік-техникалық бөлімше 2019 жылдың қараша айында Алматы әуежайындағы өз орталығында Airbus A320neo ұшағына C-check күрделі жөндеуін жүргізді.  Жобаға S7 Technics компаниясы қолдау көрсетті.

Қазақстан ұшқыштарын даярлаудың Ab-initio бағдарламасы жалғасып жатыр, 2008 жылдан бері 280 жуық кадет оқытылды. Биыл Еуропаның ұшқыш даярлайтын жетекші мектептерінде 23 кадет оқып жатыр, алдағы 5 жыл ішінде жыл сайын 40 кадетті оқыту жоспарланып отыр.

2019 жылы әуе компаниясының сервисі бірнеше жоғары марапатқа ие болды. Air Astana «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компаниясы» номинациясында Skytrax сыйлығының сегіз дүркін лауреаты, «Аймақтық Азиялық тасымалдаушы» номинациясында TripAdvisor сайтының Travellers’ Choice Awards 2018/2019 сыйлығының екі дүркін иегері атанды. Американың APEX қауымдастығы 2018 және 2019 жылдары Air Astana әуе компаниясына «Ірі аймақтық әуе компаниялары» номинациясы бойынша 5 жұлдызға лайық деп тапты.

FlyArystan лоукостері 2019 жылы 700 мың жолаушыны тасымалдайды. Әуе компаниясы өз желісін 13 бағытқа дейін кеңейтіп, 13 желтоқсанда Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге алғашқы халықаралық рейсін орындайды.

2020 жылы FlyArystan флоты 10 ұшаққа дейін артып, маршрут желісі 40 бағытқа дейін кеңейтіледі.

Air Astana 2020 жылы 3 маусымда Алматыдан Парижге тікелей рейс ашқалы отыр және басқа да белгілі туристік бағыттарды қарастырып жатыр. Келесі жылы әуе компанияның флоты 42 ұшаққа дейін артады.