Қазақстанда террористерге арналған түрме салынуы мүмкін

Қазіргі уақытта террористерге тағайындалатын жазаның мерзімін ұлғайту туралы заң дайындалып жатыр. Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнованың айтуынша, аталған заң қабылданса, террористер мен экстремистерге жеке түрме салу керек.

«Жаңа заң жобасына байланысты елімізде терроризм және экстремизм үшін сотталғандарға арнайы колониялар салу керек. Бұл сауалды кейінге қалдыруға болмайды. Себебі, террористер жалпы түрмеде отырса, өздерімен бір камерада отырған басқа қылмыскерлердің, әсіресе жас тұтқындардың санасын улап, өздеріне қосып алады»,-деді Смирнова Мәжілістің пленарлық отырсындағы ұсынысында.

Депутат өз сөзінде кейбір экстремистік ұйымдардың жастарды түрмеден кейінгі жағдайын жасап, оларға жұмыс тауып, үй алып беріп, үйлендіріп, өз қатарларына оңай қосып алып жатқанын айтты. Түрмеден шыққандардың мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарға қарағанда, осындай экстремистік топтардан материалды-психологиялық көмек алу мүмкіндігі жоғары екенін де жасырмады.

Смирнова Ішкі істер министрлігінің жекеменшік түрме салу туралы ұсынысын да сөз етті.

«2014 жылы жаңа Қылмыстық-орындаушылық кодекс қабылданғанда ІІМ басшысы жуырда жекеменшік түрмелер тұрғызылатынын айтқан. Ең алғашқысының құны 25 миллиард теңге деп жоспарланып,  жеке инвесторлардың қолдауымен Қарағандыда салынуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі күні Қазақстанда бірде-бір жекеменшік түрме жоқ»-деді ол.

Оның айтуынша, жекеменшік түрмелер салу әлемде бар үрдіс. Осы арқылы бюджетке түсетін салмақты азайтуға болады.

Дереккөзtengrinews.kz