Алматыда Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың 2050 жылға дейін даму стратегиясын талқылады. Қолайлы қалалық орта мәселелері жөніндегі №2 комиссияның төрағасы Марат Шибұтов мемлекеттік органға Алматы аумақтарын дамытудың ұзақмерзімді бағдарламалары мен қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын, қоғам мүдделерін көрсететін және сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тәртібі туралы ұсыныстар жасады.
Табиғи ресурстардың сипаттамасы жоқ. Алайда қала аумағында минерал және термал су, емдік балшық бар екенін білеміз. Көлеңкелі экономика туралы да дерек таппаймыз. Туризмде шипажайларды медициналық туризмнің жеке объектісі ретінде сипаттау мүмкін емес. Бұл — қаланың қазіргі ахуалының негізгі сипаттарының бірі, — дейді Марат Шибұтов.
Оның айтуынша, стратегияның бірінші нұсқасында халықаралық тәжірибе көп жағдайда Алматымен салыстыруға келмейтін Мельбурн мен Стокгольмнен алынған.
Алматыға жақын орналасқан және адами капиталды, инвестицияны да тартуда оның бәсекелесі болатын қалаларды қосу қажет. Мысалы, олар — Нұр-Сұлтан, Бішкек, Ташкент, Мәскеу, Новосібір, Омбы, Челябинск, Екатеринбург, Үрімші, Тбилиси, Варшава, Бухарест және Киев, — дейді комиссия төрағасы.
Марат Шибұтов қаланы дамыту жоспарына отандық мамандарды тартуға баса назар аудару керек екенін де айтты.
Аралас құрылыс жүйесін, тұрғын үй және кеңсе, бөлшек сауда, басқа да функцияларды енгізу қажет. Сонымен қатар аралас, біркелкі емес қабатты, негізінен бес қабатты үйлердің құрылысын дамытуды қолға алу керек. Барлық салада отандық мамандарды, сәулетшілер мен инженерлерді тартудың басымдылығын анықтау қажет. Сонда ғана Алматы креатив қала болады. Стратегияны іске асыру нәтижесінде қала тұрғынының бірегейлігі жоспарланатынын да сипаттауымыз керек. Алматы тұрғыны деген кім? Оның құндылықтары не? Ол басқа қала тұрғындарынан несімен ерекшеленеді? Стратегияда осы сұрақтарға жауап болуы қажет, — дейді ол.
Комиссия жоғары экономиканы тиімді қалыстастыруға қатысты да ұсыныс білдірді.
Қаладағы ауыл шаруашылығының дамуын табысты, ғылымға сүйенген және еңбекті қажет ететін өндіріс ретінде жолға қою керек. Жылыжайға, бөдене және қоян фермаларына, гүлзарларға, саңырауқұлақ фермаларына, балық және аквапон фермаларына бизнес ретінде назар аудару қажет. Сонымен бірге көлеңкелі экономикаға қарсы күрес сияқты тақырыпты бөліп көрсету керек. Бұлар сауда-саттықтың өркениетті түрлеріне көшуге тиіс, — дейді төраға.
Оның айуынша, ағаш өңдеу бойынша химиялық емес, биологиялық әдістерге мән беру қажет. Комиссия атмосфераны ластаушы заттар шығынын азайту үшін үйді де, қоғамдық көліктерді де газбен қамтуды ұсынды. Қалада сатылатын мұнай өнімдерінің сапасына бақылау қажет екенін де айтты.
Қазір қалада 16 музей жұмыс істеп тұр. Комиссия адам капиталын дамыту бойынша мұндай орындарды көптеп ашуды ұсынды.
Музейлердің көбі мемлекеттік болған соң демалыс күндері жұмыс істемейді. Бұл тиімсіз. Сол себепті мемлекеттік және жеке музейлердің дамуына бірдей назар аудару қажет. Бізге әртүрлі фестиваль, конкурс пен концерт, гастрономиялық туризм түрінде іс-шаралар туризмін дамыту керек, — деді Марат Шибұтов.
Ашық отырыста мәдениеттің дамуына қатысты сұрақтар туындады. Кеңес мүшесі, Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов мәдениет саласына бөлек әдіс қарастыруды ұсынды.
Қалада осы бас жоспарды жаза бастағанымыз, оны талқылап, пікірсайыс бастағанымыз — оң нәтиже. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Стратегия нобайлы құжат болcа да, қала дамуының квинтэссенциясы мен философиялық мәні. Мысалы, менің салам — мәдениет. Біздің қалада мәдени доктрина іс жүзінде ешқашан талқыланған емес. Иә, бізде Мәдениет жөніндегі кеңес болды. Белгілі бір қадамдар жасалып жатыр. Бірақ бізде онымен қалай жұмыс істеу туралы ортақ түсінік жоқ. Сондықтан мәдениет сегментіне қатысты асықпауды ұсынамын. Өйткені біз, мәдени қоғамдастық, көптеген ұсыныс дайындап жатырмыз. Ең әуелі доктринаны айқындауымыз керек, — деді Бекнұр Қисықов.
Қоғамдық кеңес стратегияны іске асыру және оның орындалуын бақылау туралы мониторинг процесінде әлеуметтік сауалнамаларға, мемлекеттік органдарға келіп түскен шағымдар мен өтініштерге талдау жасауды ұсынды. Кеңес мүшелері бағдарламаның орындалуы туралы есепті қалыптастыру және жариялау тетігін нақты анықтау қажет екенін айтты.