Қазақстан мен Беларусь өзара сауда үшін арнайы жоспар қабылдайды

Қазақстан мен Беларусь арасында ұзақмерзімді арнайы жоспар қабылданады. Бұл туралы бүгін Ақордада Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен келіссөзден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Елдеріміздің қазіргі қарым-қатынасы өзара мемлекетаралық ықпалдастық аясында табысты әрі тиімді дамып келе жатыр. Оның негізін ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Беларусь Республикасының Президенті қалады. Сондықтан бұл сапарды Қазақстан мен Беларусь арасындағы жемісті стратегиялық серіктестіктің жалғасы деп есептеймін, — деді ҚР Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілгенін, екіжақты және өңірлік, халықаралық мәселелер талқыланғанын, өзара байланыстың бірқатар маңызды бағыты бойынша ортақ пікір болғанын айтты.

Ең әуелі сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқыладық. Былтырдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 миллион доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағының зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауға тиіс. Бұл бағытта бір-бірімізге қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор. Осыған орай арнайы ұзақмерзімді жоспарды қабылдаймыз деп уағдаластық, — деді ҚР Президенті.

ДереккөзInform.kz