Түркістан облысы мен Шымкентте жаңа өндіріс орындары ашылды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан облысы мен Шымкентке барып, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының және Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірді дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалуын тексерді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Шымкентте «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Alliance Textile Өзбек жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының бірлескен кәсіпорны — «Alliance сауда-өнеркәсіп палатасы» серіктестігінің жіп иіру фабрикасының ашылуына қатысты. Бұл өндіріс орны көп жылдан бері тоқтап тұрған. Биыл маусым айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 18- отырысы аясында тоқыма кластерін бірге құру туралы жасалған келісімнің аясында өндіріс аз уақыт ішінде қайта ашылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің алдымызға «қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндетін қойды, онда жеңіл өнеркәсіп ерекше роль атқарады. Біз оның алғашқы нәтижесін көріп отырмыз, — деді Премьер-министр.

Кәсіпорында бірінші кезеңде 120 жаңа жұмыс орны ашылған. Мақта-талшықты өңдеу көлемі жылына 6 мың тонна болады. Жобаға Өзбекстаннан 4,6 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Шымкент жіп иіру фабрикасы
Фото: Primeminister.kz

Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіру жөніндегі жол картасы аясында тағы екі фабрика іске қосылады, бұдан Қазақстанда өңделетін мақта көлемі 2 есе артады, 800 жаңа жұмыс орны ашылады.

Асқар Мамин Түркістан облысындағы Майлыошақ ауылында жылдам әзірленетін тамақ өндіретін зауыттың ашылуына да қатысты. Жылдам әзірленетін кеспе өндіретін әлемдегі ірі кәсіпорын — CG Foods Central Asia жобаға 5,7 миллиард теңге инвестиция салып, 300-ге жуық қазақстандыққа жұмыс бергелі отыр. Зауыт жылына 4,5 мың тоннадан астам өнім шығарады. Өндіріске тек отандық шикізат пайдаланылады. Өнімді ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да тарайды.

Кеспе зауыты
Фото: Primeminister.kz

Премьер-министр бұдан соң Түркістанда қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов және қала құрылысына жауапты мердігерлер атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы баяндады.

Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл 4-5 қараша күндері Елбасының қатысуымен Түркістанда бірнеше нысан ашылды. Келесі жылдың күзінде мұнда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді. Осыған байланысты біз қажет нысандардың құрылысын толық аяқтауымыз керек, — деді Асқар Мамин.

Түркістанда Премьер-министр 630 төсек-орынға шақталған көпсалалы облыстық аурухана құрылысы жүргізілетін жерге капсула салды. Жобаны 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында YDA Holding түрік инвесторы жүзеге асырады. Нысанның құны — 100  миллиард теңгеге жуық, 350 дәрігерді қоса алғанда, медицина персоналы үшін 1700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Түркістандағы аурухана
Фото: Primeminister.kz

Үкімет басшысының сапары кезінде 39 миллиард теңгеге Sembol Сonstruction түрік компаниясы салатын «Керуен-сарай» көпфункциялы туризм кешені құрылысы да іске қосылды.

Асқар Мамин Түркістанда
Фото: Primeminister.kz

Асқар Мамин сонымен бірге Түркістандағы халықаралық әуежайдың және соған апаратын автомобиль жолының құрылысын, амфитеатр мен драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, «Ұлы дала елі» орталығының, Қожа Ахмет Ясауи музейінің, Ұлы Жібек жолы қолөнершілері ұлттық орталығының және Визит-орталық ғимаратының реконструкциясын тексерді.