Басты бетЖаңалықтарҚазақстанды жаһандық...

Қазақстанды жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр

Қазақстанда биыл шетелдің 76 200 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Нұр-Сұлтанда «Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар» атты республикалық дөңгелек үстел барысында айтылды.

Жиында адам саудасының алдын алу және адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және ішкі, сыртқы, этникалық және заңсыз көші-қон мәселелері талқыланды. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі, ұйымның Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев қатысты.

Біржан Нұрымбетов Қазақстан мигранттар мен ел азаматтарының құқығы мен заңды мүддесін бірдей сақтау мен қорғау, кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу және көші-қон саласында заңдар мен халықаралық міндеттемелерді сақтау саясатын ұстанатынын айтты.

Ішкі істер органдарының мәліметінше, биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға сырттан 5,6 миллион адам кіріп, әлемнің 200 елінен келген 5,3 миллион азамат шекарадан шықты. Ішкі істер органдарында шетелдің 1,2 миллион азаматы, оның ішінде ТМД елдерінің 1,1 миллион, басқа елдердің 95 мың азаматы тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбек етіп жатыр, — деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда 76,2 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9 мыңы республика аумағынан шығарылған, заңсыз көші-қон ұйымдастырғандарға қатысты 43 және елден шығару туралы шешімді орындамағандарға қатысты 110 қылмыстық іс қозғалған.

2019 жылы елімізге 13 мыңға жуық этникалық қазақ көшіп келді. Оның 46%-і Өзбекстаннан, 34%-і Қытайдан, 7%-і Монғолиядан және тағы 7%-і Түрікменстаннан оралды.

Қазақстан — көшіп-қонушылар үшін транзит, мигранттар баратын және мигранттар шығатын ел, сондықтан бізді бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде дерек жинау жүйесі мен бірыңғай тәсіл қалыптастыру — бірінші кезектегі міндет, — деді министр.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Қазақстан Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірге 2011 жылдан бері «Алматы процесі» атты өңірлік диалогты іске асырып жатыр. Оған Ауғанстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түркменстан қосылады, бақылаушы ретінде Иран мен Пәкістан қатысады.

Былтыр желтоқсан айында Марракеште Босқындар мәртебесі туралы конвенция міндеттемелері аясында Қазақстан қауіпсіз тәртіптегі және тұрақты көші-қон жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Сонымен қатар «Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді, ол қазір Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Құжатта еңбек иммигранттарын тарту механизмін жетілдіру, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттар мәселесін шешу және ұлттық заңнамаға халықаралық реадмиссия стандарттарын енгізу қарастырылған.

Қазақстан мигранттардың заңды құқықтарын құрметтеуге, жаһандық және өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, сонымен бірге көші-қон ағындарын реттеуге үлес қосуға ниетті, — деді Біржан Нұрымбетов.

Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум тараптардың көші-қон саласындағы ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мен нығайтуды көздейді.