Алматы облысындағы мигранттардың құқықтық сауаты артты

Алматы облысында мигранттарды өңірлік және жаһандық қауіптерден қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорғау шараларын «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес Алматы облысы мигранттар көп келетін 5 өңірдің қатарына кіреді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында айтылды.

Қорғау шаралары Халықаралық көші-қон (ХКҰ) ұйымы және Норвегия корольдігінің сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өтті.

ХКҰ, көші-қон қызметкерлері, Алматы облысының ІІД ұйымдасқан қылмыстық бөлімінің қызметкерлері, жұмыспен қамтуды үйлестіру, Талдықорғанның ішкі саясат бөлімі, Қазақстан халқы ассамблеясының өзбек этномәдени бірлестігі және БАҚ өкілдері ақпан айынан бастап мигранттардың құқығын қорғау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мигранттардың арасында әйелдерге көбірек қауіп төнеді. «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ президенті Жанар Нұрмұханованың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әсерінен Алматы облысындағы мигранттар арасында құқықтық сауаты артты.

Халықаралық көші-қон ұйымының үйлестірушісі Светлана Жасымбекованың айтуынша, Орталық Азияға миграттардың келу деңгейі күннен күнге өсіп жатыр.

Қазақстан – жұмыс күші басым, табыс деңгейі жоғары ел. Сондықтан да тұрғындар көбіне үй жұмысшыларына, күтушілерге және тұрмыстық мәселелер бойынша басқа да көмекшілерге мұқтаж. Бұл сұранысты Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан миграттары қанағаттандырады. Халықаралық көші — қон ұйымының міндеті оларды қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру, — деді ол.