Бақытжан Сағынтаев ет бағасын өсірмеу үшін не істелетінін айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев азық-түлік бағасын тұрақтандыру саясаты туралы айтты.

Журналистер әкімнен оңтүстік астанада ет не себепті қымбаттағанын сұрады.

Бізге 1 миллион тонна тамақ керек. Мұның бәрі Алматыға сырттан келеді. Біз Алматы агломерациясымен азық-түлік жеткізу жөнінде келісім жасадық. Ет қымбаттаған кез есіме түсіп тұр. Ол кезде біз етті Жамбыл және Түркістан облыстарынан сатып алған едік. Бірақ сол уақытта Өзбекстанда нарық ашылды да, өңірдегі саудагерлерге сол жаққа шығу тиімді болды. Сол себепті бізге жеткізілетін ет көлемі азайып, ет тапшы болып қалды. Бағаға осы жағдай әсер етті. Қазір біз басқа өңірдегі фермерлермен ынтымақтастық жөнінде келісім жасап жатырмыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімі қазір қалада нан бағасы тұрақты бақыланып отырғанын айтты.

Нан бағасы бойынша біз шара қабылдадық, нан қымбаттамайды, — деді әкім.

Еске салайық, бұған дейін «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков Алматыда әлеуметтік нан бағасы 2020 жылдың 1 ақпанына дейін көтерілмейтінін мәлімдеген еді.