Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың мәліметінше, 2019 жылдың 10 айында республикада кәмелет жасына толмағандарға қатысты 1 931 қылмыс тіркелген. Бұл 2018 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей, әсіресе кәмелет жасына толмағандарға қатысты қылмыс Алматыда (46,6%), Жамбыл (27,8%) және Атырау (23%) облыстарында көп болған.
Вице-министрдің айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының бірі — білім беру мекемелерін бейнекамералармен жабдықтау. Сонымен бірге еліміздегі мектептердің 33%-тен астамында аула дәретханасы бар. Балаларды тасымалдау үшін қосымша 186 мектеп автобусы қажет.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар 4%, соның ішінде зорлау 40% және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық 24% өскенін айтты.
Мұндай қылмыстың 75%-ке жуығын баланың өгей әкесі, өз әкесі, анасымен бірге тұрып жатқан адамы, туысы, көршісі сияқты жақын таныстары жасайды. Ал ата-аналар қылмыстың құқықтық жауапкершілігінен қашып, бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарламайды, — деді Арыстанғали Заппаров.
Арыстанғали Заппаров оқу мекемелерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру қажет екенін баса айтты.
Еліміз бойынша мектептердің тек 8%-і (535 мектеп) күзет фирмасымен келісімшартқа отырған. Қалған мектептерде күзет қызметін вахтерлар, көп жағдайда зейнеткерлер атқарады. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкентте күзет фирмаларымен бірде-бір келісімшарт жасалмаған, — деді Арыстанғали Заппаров.
Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау үшін мектеп полиция инспекторлары бірлігі енгізілген. Қазіргі уақытта олардың саны 2 мыңнан асады. Бірақ тағы осынша маман жетіспейді.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев балаларға қатысты қылмыстардың көбеюін жауапты мемлекеттік органдардың алдын алу және жүйелі жұмыс жүргізбеуінен деп айыптады.
Біз өрт сөндіру командасы сияқты жұмыс істейміз. Трагедия болғанда ғана қимылдаймыз. Ең оңай жауап — ақша жоқ. Проблеманы шешкісі келмейтін басшы ғана осылай жауап береді. Барлық әкімге 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін мектептерді жылы дәретханамен және бейнебақылау жүйесімен жабдықтау, мамандандырылған арнайы күзетпен қамтамасыз ету тапсырылды, — деді Бердібек Сапарбаев.