Бердібек Сапарбаев: Әлеуметтік медицина сақтандыруын енгізу мерзімі өзгермейді

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруын енгізу мерзімі өзгертілмейтінін айтты. Сонымен бірге ол жыл соңына дейін барлық өңір бұған дайын болуын тапсырды. Бұл туралы ол Қарағанды облысында өткен кеңесте айтты.

Кеңесте өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәртебесін өзектендіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруын енгізу шеңберінде сақтандыру аударымдарының уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ең бастысы — халықтың мәртебесін өзектендіру. Бізде жақсы тәжірибе бар. Алайда кемшіліктерді де жасыруға болмайды. Жыл соңына дейін мәртебесі әлі анықталмаған барлық адамды қамту керек. Әрбір Қазақстан азаматы бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе, ауыл тұрғындары медицина көмегін қалай алуға болатынын білуі тиіс. Төлемдердің уақытылы жасалатынына қатысты мәселені де шешу қажет. Органдар салықты және міндетті әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруына төлеуді күшейтуі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы мен Президенттің тапсырмасымен міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруы іске қосылуы керек. Мерзімі ауыстырылмайды. Барлық өңірлер жыл соңына дейін дайын болуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Фото: Inform.kz

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруын апробациялаудың алғашқы айы аяқталды. Ол Денсаулық сақтау жүйесі келесі жылдан бастап медицина сақтандыруын бүкіл ел бойынша енгізуге дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қолдау ретінде денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлері, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Байгенжин және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев өз пікірін білдірді.

Әлемдегі бірде бір мемлекет, тіпті ең бай ел өз азаматтарының денсаулығы үшін қаржылық жауапкершілік ауыртпалығын көтере алмайды. Біздің санамызға Кеңес заманынан бері мемлекет медицина қызметтерін төлеуге, қымбат операцияларды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруге тиіс деген пікір берік орнап қалған. Міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруы адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Азаматтар өздерінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. Міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруын енгізу денсаулық сақтау саласын ресурстық қамтамасыз етуді айтарлықтай арттыруға, медицина мекемелері мен қызметкерлердің экономика қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, денсаулық сақтауды барынша икемді және тиімді қаржыландыруға жол ашады, — деді Абай Байгенжин.

Кеңес қорытындысында Бердібек Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халықтың мәртебесін өзектендіру және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Вице-министр «Мирас» клиникасының жұмысымен танысты. Бердібек Сапарбаев онда цифрландыру жүйесінің енгізілуін, медицина қызметтерінің сапасын, сонымен бірге клиника қызметкерлерін қаржылық қамтамасыз ету деңгейін көрді.

Айта кетейік, «Мирас» клиникасы 2019 жылдың қаңтарында ашылды. Қазір мекемеге 20 100 адам тіркелген, оның — 7 900-ы балалар. Пациенттерді 32 дәрігер қабылдайды. Мекеме барлық қажет заманауи жабдықпен, соның ішінде гемодиализге арналған креслолармен жабдықталған.

Фото: Inform.kz

Бердібек Сапарбаев Life In оңалту орталығында да болды. Мұнда мүгедектігі бар  балалар мен хирургия операциялары жасалған науқастар амбулаторлық қалпына келтіру емін алады. Орталықта 80-нен астам қызмет түрі көрсетіледі және 30 маман кеңес береді, соның ішінде ортопедтер, травматологтар, неврологтар, нейрохирург және психологтар. Мұнда канис-терапия бағдарламасы бар. Орталық жақында кішкентай пациенттерді иппотерапия арқылы емдеу үшін пони сатып алуды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысы — пилот режимінде міндетті әлеуметтік медицина сақтандыруын енгізген алғашқы өңір. Бұл жүйе осы жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды. Ал еліміздің басқа өңірлерінде жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарында енгізіледі. Қазір Қарағанды облысында тұрғындарының 81%-інің міндетті әлеуметтік медицина сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі анықталды.