Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты шығаратын «Қазақстан-Спектр» журналында «Қазақстан жастарының субмәдениеті: өзгермелі әлеуметтік-мәдени, саяси-экономикалық контексте дара болмысты іздеу» аталатын зерттеу жарияланған.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы оны «Қазақстан Республикасының жастары-2018» аталатын жыл сайынғы ұлттық баяндама үшін жүргізген. Зерттеудің нәтижесіне қарағанда 24-28 жас аралығындағы адамдардың 90%-і, 18-23 жас аралығындағылардың 87,9%-і және 14-тен 18-ге дейінгілердің 79,8%-і өзін ешқандай субмәдениетке жатқызбайтыны белгілі болған. Өзін ешқандай субмәдениет өкілі санамайтын жастар негізінен Шығыс Қазақстан (99,3%), Павлодар (97,3%), Түркістан (94,1%), Ақмола (92,1%) және Қарағанды (91%) облыстарында байқалған.
Қай өңірде қандай субмәдениет өкілі көп?
Эмо өкілдері Нұр-Сұлтанда көп (республика бойынша астанада 3,4% көп);
Аниме табынушылары Алматыда (2,3%) және Қызылорда облысында (2,2%);
Гламур субмәдениеті өкілдері Атырау (2,9%) және Қызылорда (2,2%) облыстарында көп;
Хиппи Қызылорда облысында (2,2%) көп;
Рэперлер Нұр-Сұлтанда (2,6%) және Алматыда (1,8%) көп;
Рокерлер Нұр-Сұлтанда (2,6%) және Қарағанды облысында (1,4%) көп;
Футбол фанаттары Қызылорда (7,7%), Ақтөбе (7,1%), Батыс Қазақстан (7,1%) облыстарында көп;
Геймерлер Атырау (8,7%), Солтүстік Қазақстан (7,7%) облыстарында көп;
Экстремал паркурмен әуестенушілер Ақтөбе (2%) және Қарағанды (1,4%) облыстарында көп;
Байкерлер Қызылорда (1,1%), Қостанай (1,1%) облыстарында көп;
Автожарыс шеберлері Алматыда (1,4%) көп;
Брейк-дансерлер Қызылорда (1,1%) облысында көп;
Граффити мәдениеті Қостанай (2,2%) облысында жақсы дамыған;
Хип-хоп мәдениеті жөнінен Қызылорда (5,5%) және Маңғыстау (4%) облыстары алда;
Бардтар Қостанай (1,1%) және Қызылорда (1,1%) облыстарында көп.
Сауалнамаға қатысқандардың 40,2%-і өздерінің субмәдениет түрлеріне қатысын «қызығу және әуестік», 16,2%-і «сән және престиж», 21,3%-і «өзгелердің назарын аудару, замандастар арасында ерекшелену», 15,7%-і «тұлға ретінде дамып, шығармашылық потенциалды ашу» деп есептейтінін айтқан. Әлеуметтік зерттеуде қазақша сөйлейтін жастар субмәдениетті ұстануды «өмір салты» (37,2%), орысша сөйлейтін жастар «уақытша ермек» деп есептейтіні анықталған (32,4%).
Зерттеудің күмәнді тұсы көп
Зерттеушілер сауалнама кезінде жастардан q-pop және k-pop табынушылары туралы сұралмағанын айтып отыр. Музыканың бұл бағыты кейінгі жылдары Қазақстан жастары арасында кең танымал.
Еnergyprom.kz мамандары бұл зерттеудің нәтижесінде 2019 жылы қалайша эмо өкілдерінің көп болғанына да күмән келтіреді. Мамандардың айтуынша, субмәдениеттің бұл бағытын жасөспірімдер әлдеқашан ұмытты. Сонымен бірге «гламур» деп қандай бағытты атап отырғаны түсініксіз.
Еnergyprom.kz осы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 15-28 жас аралығындағы экономикалық жағынан белсенді 2,21 миллион адам бар екенін анықтады. Оның 2,12 миллионы — жұмыс істейтін жас. Тағы 1,15 миллион жас адам — студент.
Еш жерде жұмыс істемейтін және білім алмайтын NEET жастардың қатары жастардың жалпы санының 7,3%-і болып отыр, бұл көрсеткіш былтыр 7,5% болған. 2018 жылы 7,9%, 2015 жылы 9,2% болды.