Астанада есірткіні жарнамалайтын граффитилер жойылып жатыр

Жыл басынан қала көшелерінде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысатын сайттардың мекен-жайлары көрсетілген 40-тан астам граффити-суреті анықталды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Үйлердің қабырғаларына жазылған «Жылдамдық», «Ұн» деген суреттердің бәрі де – синтетикалық есірткінің жасырын жарнамасы.

Қаланы тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамадан тазалауға қоғам да белсене қатысып жатыр.  Астана полицейлері, ПИК жетекшілерімен, Сарыарқа ауданының коммуналдық қызмет басшыларымен кездесті. Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу, ПИК-пен байланыс орнату, коммуналдық қызметтер мен полицейлердің бірлесіп, заңсыз есірткі айналымына қатысы бар тұлғалар туралы ақпарат жинау мәселелері талқыланды.

Шараға мүдделі қызметтердің 150-ден аса өкілі қатысты. Олар бірлесіп, Астанадағы есірткі бизнесі мен есірткіге қарсы күресте жұмыла жұмыс істеуді ұйғарды. Өйткені қоғамның белсенді позициясы ғана осы құбылысқа қарсы сенімді қорғаныс бола алады.

Қалалықтардың қырағылығы мен жүргізілген мониторингтің арқасында жыл басынан Астана аумағында синтетикалық есірткі таратумен айналысатын  сайттардың мекен-жайлары көрсетілген 40-тан астам граффити-суреті анықталды. Осы тектес жарнамаларды анықтау және жоюға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүргізіледі, — деп атап өтті полицияда.