Тағам құрамындағы әр витамин адам ағзасына қуат береді. Бірақ кейбір адамға барлық тамақты бірдей жей беруге болмайды. Диетолог Арай Әміре кімдерге қандай асты жеуге болмайтынын түсіндірді.

Құрма

құрма
Фото: Kingad.ru

Диетологтың айтуынша, бүйрегінде тасы бар, ұйқы безі ауруына шалдыққан және қант диабетімен ауыратын адамдарға құрма жеуге болмайды. Себебі құрма ағзадағы қант мөлшерін көбейтеді. Бұл жемістің құрамында йод, мырыш, ретинол, A, P витаминдері бар. Бұл жемісті 3 жасқа дейінгі балаға көп беруге болмайды. Себебі жемістің сыртында көп болатын танин қосындысы баланың асқазанына ауырлық түсіреді. Дегенмен құрма қалқанша безінің дұрыс жұмыс істеуіне, беттегі қан тамырын кетіруге және ересек адамның асқазанын тазартуға септігін тигізеді.

Суық су

Таза ауыз су
Фото: Infomedia.kz

“Адам күніне 1,5-2 литр су ішуі керек” деген қағиданы бәрі біледі. Әсіресе, суық су салмақ тастауға ықпал етеді деп ойлайтындар да бар. Оның өзіндік пайдасы болуы мүмкін. Бірақ диетологтың айтуынша, барлық адамға суық су ішуге болмайды. Ол бүйректің қабынуына әсер етеді. Бүйрек – адамның ұзақ өмір сүруіне жауап беретін мүшелердің бірі. Маманның пікірінше, ағзаның басқа мүшелерін қайта қалпына келтіруге болады. Бірақ бір ауырған бүйрек ешқашан толық емделіп кетпейді. Сондықтан бүйрегі ауыратындардың жылы су ішкені жөн. Әр адам күніне өзінің салмағын 0,03-ке көбейткендегі шығатын көлемде (литр) су ішуі қажет.

Қауын

Қауын
Фото: Nexplorer.ru

Арай Әміре қант диабетімен ауыратындарға қауынды көп жемеуге кеңес береді. Оның құрамындағы көмірсу қанға сіңіп, қант мөлшерін көбейтіп жібереді. Маманның айтуынша, қауынды ешқандай тағаммен араластырмай, тамақтан соң жарты сағаттан кейін немесе тамаққа дейін бір сағат бұрын жеген жөн. Әйтпесе, ол ағзаға дұрыс сіңбей қалады. Бұл көкөніс терінің, көздің жақсаруына және иммунитеттің нығаюына ықпал етеді.

Кофе

Бариста Аян Рысбай
Фото: Айгүл Хожантаева

Диетологтың айтуынша, қан қысымы жоғары, жүрек, асқазан-ішек жолдары ауыратын, қанында холестерині көп адамдарға, жүкті және 35 жастан асқан әйелдерге кофені көп ішуге болмайды. Себебі қан қысымы жоғары адамның жүрек қағысы жиілейді, жүкті келіншектің сүйегіндегі кальций азаяды, асқазан-ішек жолдары ауыратын адамның ағзасында тұз қышқылы әдеттегіден көп бөлінеді. Кофені көп ішу 35 жастан асқан әйелдердің ұйқы режиміне, көңіл-күйіне кері әсер етуі мүмкін.