Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянға көңіл айтты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ мемлекет қайраткері шейх Сұлтан бен Заид Әл Наһаянның дүниеден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алып, оның бауыры, БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта шейх Сұлтан өз өмірін елі мен халқының мүддесін қорғауға және қызмет етуге риясыз арнағаны баяндалған.
Қазақстан халқы шейх Сұлтан Әл Наһаянды парасатты азамат, жоғары беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым жадында сақтайды. Осындай сын сағатта орны толмас ауыр қайғы-қасіретіңізге ортақтасып, барша Қазақстан халқының атынан және жеке өз тарапымнан сізге және бүкіл Әмірліктер халқына қайғыра көңіл айтамын, — делінген жеделхатта.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаев та БАӘ Президентіне көңіл айтқанын хабарлады.
Бауырыңыз әрі Біріккен Араб Әмірліктерінің абыройлы саяси қайраткері шейх Сұлтан бен Заид Әл Нахаянның дүниеден озғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Шейх Сұлтан Біріккен Араб Әмірліктерінің аяқтан тұрып, гүлденуіне ерекше үлес қосқан тұлға ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі Әмірліктер халқының жүрегінде әрдайым сақталатынына сенімдімін. Осынау сын сағатта, Аса құрметті Президент мырза, сізге және отбасыңыздың мүшелеріне сабыр тілеп, азалы көңілімді білдіремін, — деген Нұрсұлтан Назарбаев.