Мемлекеттік білім гранты бойынша білім алатын студенттің стипендиясы қазір шамамен 21 000 теңге. Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, стипендияны тиімді жұмсау үшін нақты шешім қажет. Қаржыны басқару тек математика немесе экономика факторымен шектелмейді. Ол адамның психологиясы мен эмоциясына тікелей байланысты. Ең бастысы — нақты шығынды білу. Мысалы, студент күнделікті өмірде жолақы, түскі ас, оқу құралдары шығынын бөліп қарастыруы керек. Өйткені бұл  — өзгермейтін шығын. Сонымен қатар ай сайын жалпы шығынды есептеп отыруы қажет.

Студенттің кіріс немесе шығыс дәптері болуы қажет. Бюджеттің қайда және қалай жұмсалып жатқанын білген жөн. Күнделікті шығынды жазып, аптаның соныңда қорытынды жазу керек. Студент ақшаны қалай жұмсап жатқанын білгенде ғана оны басқаруды үйренеді, — дейді қаржыгер.

Жалғасбек Ақболат
Жалғасбек Ақболат. Фото жеке архивінен

Спикердің айтуынша, өз шығыны мен ақшаның қайдан келіп жатқанын білген студент бірнәрсе сатып аларда анализ жасай алады. Тиімді бағамен сауда жасауды үйреніп, артық шығыннан құтылады. Бірақ үнемдеймін деп сараң болмау қажет. Шығынды қысқа-, орта- және ұзақмерзімді деп бөлу керек. Мысалы, студент 10 жылдан соң автокөлік немесе пәтер алғысы келіп жоспар құрды делік. Бұл — ұзақмерзімді шығын. Сонымен қатар қауіпсіздікті ойлауы керек. Оқыс қиындық кезінде қаржының «қауіпсіздік жастығы» көмекке келеді.

Қауіпсіздік жастығын қалай жоспарлау қажет?

  • Студент айлық шығынын қағазға түгел жазыңыз. Мысалы, пәтер, азық-түліктің ақшасы.
  • Шыққан санды 3 немесе 6 айға көбейтіңіз. Мәселен, айлық шығын 30 000 теңге болса, 30 000 теңге х 6 ай = 180 000 теңге.
  • Бюджеттен ай сайын 10%-ті алып қалып отыру қажет. Мысалы, бюджет 20 000 теңге болса, оның 10%-і — 2000 теңге. Қаржының «қауіпсіздік жастығы» деген — осы, оны жоспарлау арқылы 45 айда 900 000 теңге қаражат жинап, кез келген жағдайда жұмсауға болады.

Бюджетті оңтайландыру қажет. Шығын мен табысты жазып отырған адам ақшасын бақылай алады. Мысалы, бір айда жұмсайтын қысқамерзімді шығынды жазып, айлық мөлшерін есептеу керек, — дейді Жалғасбек Ақболат.

Студент сауда жасағанда нені ескеруі қажет?

  • Сатып алатын зат дәл қазіргі уақытта қажет пе, жоқ па — соны анықтауы қажет.
  • Сатып алатын затты басқа жерден арзанға алуға бола ма, соған көз жеткізуі керек
  • Сатып алатын затты алмастыратын басқа нәрсенің бар-жоғын талдағаны дұрыс.

Қысқы киім-кешекті жазда алу, жазғы киімді қыста алу сияқты тиімді әрекеттер бар. Мысалы, студент 4 000 теңгеге туфли сатып алып, оны тек бір маусым киюі мүмкін. Ал 10 000 теңгеге туфли сатып алса, оны бірнеше жыл киюге болады.

Қаржыны басқару ол тікелей адамға байланысты. Мысалы, студент күнделікті өмірде табиғи ауызсу ішудің орнына Coca Cola сияқты газды сусындарды сатып алып, денсаулығына зиян келтіреді. Студент ақшаны бәрінен бұрын денсаулығы мен біліміне жұмсауы керек. Білімге жұмсалған инвестиция  қайтарымды. Студенттер көп жағдайда «жастық шақта бәрін көру керек» деп артық шығынға тап болады. Әр нәрсе өз орнымен. Иә, дәмді тамақтанып, қыдырған да жөн. Тек кейін қарызға кіріп кетпеуді ойлану керек, — дейді қаржыгер.