Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің президенті Такехико Накаоны қабылдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Такехико Накаоға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Азия даму банкінің арасындағы әріптестіктің 25 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіреміз. Банктің ел экономикасының өркендеуіне атсалысуы өте маңызды. Біз мұны жоғары бағалаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азия даму банкінің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын оқығанын айтып, аталған стратегиялық құжаттың негізгі бөлімдеріне, әсіресе оның әлеуметтік маңызына оң бағасын берді. Оның айтуынша, Жолдаудың мақсаты мен міндеті Азия даму банкінің даму басымдықтарымен үйлеседі.
Жолдауыңызда адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға және мұғалімдердің жалақысын арттыруға зор көңіл бөлдіңіз. Бұл — адам капиталы дамуының маңызды бөлігі. Біз бұл бағыттағы жұмысты әрқашан қолдаймыз, — деді Такехико Накао.