ҚазҰУ-да Жұмабек Кенжалин атындағы аудитория ашылды

Шарада «Ұлт ұстаздарын ұрпағы ұмытпайды» атты портрет көрмесі таныстырылды. Жиын Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының салтанатты ашылуына жалғасты. Зертхана — заманауи техникамен жабдықталған танымдық аудиториялардың бірі. Онда Жұмабек Кенжалинның өмір жолы, жазған еңбектері, «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат», «Ана тілі» басылымдарында атқарған қызметі туралы ақпарат жинақталған.

Жиынға Жұмабек Кенжалинмен әр жылдары қызметтес болған қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұстаздары – Ләтипа Мұратбекқызы, Тұрымтай Тұрлыбайқызы, Қожаберген Керімбекұлы, Сарбас Ақтаев, Дәмегүл Сердәліқызы, қаламгерлер – Сәбит Досанов, Раушанбек Әбсаттаров, Сауытбек Абдрахманов, зайыбы Әлима Әбдірахманқызы мен ұлдары Дастан мен Жандос және белгілі журналистер қатысты.

Жұмабек Кенжалин еңбек жолын «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып, редакторлыққа дейінгі жолды жүріп өтті. 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, 1994-1996 жылдары «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы, 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. Өмірінің соңына дейін ақпарат саласында еңбек етіп, 2009-2017 жылдары «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарды. Газет немесе журнал редакциясының штаттық құрылымын сақтау, «Қазпошта» акционерлік қоғамына қарасты ұжымдардың тарап кетуін болдырмау, полиграфия кәсіпорындары жүйесін ұлғайту сынды мақсаттарды ұстанып, газет-журналдың таралымын арттырды.

Ол — «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Қалам қанаты», «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» атты кітаптардың авторы.