Басты бетЖаңалықтарКремль Нұрсұлтан...

Кремль Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына қатысты пікір айтты

Кремль Нұрсұлтан Назарбаевтың Astana Club форумының V отырысында айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресми Мәскеу Ресей-Украина қарым-қатынасын жақсарту туралы ұсынысты жоғары бағалайтынын айтты.

Путиннің өзі де мұндай кездесулерден бас тартпайтынын айтқан еді, бірақ ол кездесу үшін ғана кездесу көп нәтиже бермейді деп есептейді, кездесуге жақсы дайындалу керек, бұл сөзсіз. Соған байланысты қазіргі кезде біз «норманд форматындағы» процестерге дайындалуға көңіл бөлеміз. Ол үшін, әрине, Минскіде тараптар өз мойнына алған барлық міндеттемені орындауға тиіс, — деді Дмитрий Песков.

Баспасөз хатшысы Ресей Президенті Киев пен Мәскеу қарым-қатынасын жақсартуды әрқашан қолдайтынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтанда Astana Club форумының V отырысында Ресей мен Украина Президенттерін Қазақстанда жеке кездестіруді ұсынған еді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің айтуынша, бұл — көрші отырған қос мемлекет арасындағы қақтығысты шешудің бір жолы. Нұрсұлтан Назарбаев Украина басшысы Владимир Зеленский мұндай келіссөзге дайын екенін мәлімдеп, форумға қатысушы беделді спикерлерді екі елді табыстыруға үндеді.

ДереккөзРИА Новости