Нұрсұлтан Назарбаев Ресей-Украина мәселесін шешудің жолын айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс туралы да айтты.

Ресей мен Украина арасындағы жағдай, әрине, қынжылтады. Олар — бір-біріне өте жақын елдер. Алайда болары болды. Ішкі және сыртқы күштер араласып кетті. Қазір қарым-қатынастың ажырап кеткені соншалық… Украина мен Ресейді өте жақсы білемін. Алғашқы күндерден бастап-ақ екі елді татуластыруға тырысып келемін. Менің жұмысымның нәтижесі Минскідегі алғашқы кездесу болды. Басында мен Еуропа елдерін аралап, Меркель ханыммен кездестім. Кейін Киевке келіп, Порошенкомен кездестім. Одан кейін Мәскеуге бардым. Франция Президенті Қазақстанда болған кезде жолай Путинмен кездесуді өтіндім. Осының нәтижесінде біз Минскіде бас қосып, мәселелерді шешуге тырыстық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Мәскеудің талабы мен өтініші Украинаның шығысындағы азаматтарды қорғау туралы заң қабылдау болғанын еске салды. Украина Радасы мұндай заңды қабылдағанымен оны орындамады. Заң осы жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды.

Владимир Путинмен бұл мәселені ары қарай қалай шешуге болатыны туралы сөйлестім. Қарым-қатынастың ушыққаны соншалық, Украина Батыс пен АҚШ-қа аппеляциямен шығып отыр. Менің ойымша, Ресей мен Украинаның Президенттерін жеке кездестіру керек. Тек осылай келісуге болады. Себебі екі ел арасындағы нақты жағдай шешіледі. Мен мұндай кездесу мүмкін деп ойлаймын. Меніңше, қазір осы кездесудің дәл сәті туып тұр. Біріншіден, Владимир Зеленский сайлауда халықтың қолдауына ие болды. Дума да жаңа Президентті қолдайтын азаматтарды сайлады. Ол осы мәселені шеше алады. Қос тарап келіссе, бұл мәселені алға жылжыту керек, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club форумына қатысушыларды Ресей мен Украинаны жақындастыруға үндеді.

Донбас пен Луганскідегі мәселені шешу керек. Процесс жүріп жатыр. Тұтқындағы азаматтар босап, әскер бір-бірінен алыстай бастады. Сондықтан осындағы сарапшылар да ондағы бейбітшілікті сақтау бағытында ой айтуға тиіс, — деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путин мен Владимир Зеленскийді Қазақстанды кездестіруді ұсынды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Astana Club V отырысы өтіп жатыр. Басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар бойынша маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам спикер қатысып жатыр. V отырыстың тақырыбы: “Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында”.

ДереккөзInform.kz