Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында өткен «Сәулет пен құрылыстың өзекті проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясындағы сәулет және құрылыс мамандарын дайындау бағыты мен дизайн секциясы бойынша өткен отырыста Төлеу Бәсеновтің өмірі мен кәсіби қызметі туралы айтылды.
Қазақстанның құрметті сәулетшісі, оқытушы Маян Ізбасарова тұңғыш кәсіби архитектормен бірге жұмыс істеген.
Ол кісі Санкт-Петербург азаматтық инженерлер институтын бітіріп, Алматыға келді. Ең алдымен Орталық комитеттің ғимаратын салғызды. Кейін ол Темірбек Жүргенов атындағы академия болып кетті. Қаланың орталық бас поштасын, халықаралық әуежайдың бірінші кешенін, Қазақ опера және балет театры ғимараты авторларының бірі. Төлеу Бәсенов 1936 жылы Қазақстанның сәулетшілер одағын құрды. Бұл одақты құру өте маңызды еді. Дизайнерлер мен қала құрылысшыларының одағы Алматыда әлі жұмыс істейді, — деді Маян Ізбасарова.
Ол кезде сәулетші болу үшін Ресейде білім алу керек еді. Төлеу Бәсенов сала мамандарын Қазақстанның өзінде дайындауға бастама көтеріп жүрді. Бірақ бұл идея тек соғыстан кейін жүзеге асты. 1957 жылы қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінде құрылысшыларды оқытатын, 1961 жылы сәулетшілер дайындайтын факультет ашылды. Сол кезде Маян Ізбасарова оқытушы болып қызмет етті.
Төлеу Бәсенов Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшы паркіндегі Даңқ мемориалын салу үшін Украинадан мүсінші Виктор Андрющенконы алдырған. Маян Ізбасарованың айтуынша, бұл сәулетшінің өмірінің соңғы жылдары еді.
Мемориалдың ашылу салтанатына аурухананың пижамасымен шауып келген еді. Сөйтсек, аурханада дәрігерлер жібермепті. Ұл-қызына хабарласып жатуға уақыт жоқ. Қашып келген беті екен. Сөйтіп, өзі көп еңбек еткен мемориалды ашқаны бар, — деді Маян Ізбасарова.
Сәулетшінің 100 жылдығына орай әріптестері мен туған туыстары екі томдық кітап шығарған.
Төлеу Бәсеновтің бірінші әйелі соғыс кезінде қайтыс болған. Одан бір ұл, бір қыз қалған. Соғыс уақытында медицина институтының 4-курсында оқып жүрген Гауһар Ахметова оқуды тастап, сәулетшіге тұрмысқа шығады. Ол — Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы. Гауһар күйеуінің бірінші некесінен қалған ұл мен қызды өсірді, Төлеу Бәсенов екеуінің бір қызы бар.
Бірінші әйелінен қалған қыз қазір Мәскеуде тұрады. Ал ұлы Алматыда тұрды, осында қайтыс болды. Төлеу Бәсеновтің мінезі қызба еді. Ылғи жұмысбасты болып жүретін. Ештеңені созбалақтап жүрмейтін, бар болса, «бар», жоқ болса, «жоқ» деп кесіп айтатын, — деп еске алды әріптесі Маян Ізбасарова.
Бүгінде Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында Төлеу Бәсеновтің атында аудитория бар.
Төлеу Бәсенов — Қазақстанның қазіргі сәулет мектебінің негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы. Ол 1909 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1937-1941 жылдары Алматының бас сәулетшісі, 1944-1954 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы архитектура басқармасының бастығы, 1958-1976 жылы Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1976 жылы Алматыда дүниеден өтті.