Kunayev.kz жобасын журналистерге Дінмұхамед Қонаевтың туыстары таныстырды. Мемлекет қайраткерінің немере інісі Диар Асқарұлы атасы туралы көпшілік біле бермейтін ақпаратты сұрайтындар көп екенін айтты.

Қонаевтың атында ескерткіш, музей-үй, универсиет пен қор болса да, оның жеке өмірі мен мемлекеттік қызметі туралы білгісі келетіндер көп. Сол себепті сайт ашайық деп шештік. Онда Қонаевтың жеке мұрағатынан алынған фотолар, видео мен деректер бар. Деректерді Президент архивінен, өзге де мемлекеттік архивтерден, жас кезіндегі әрі сирек кездесетін фотоларын туыстардан жинадық. Сайттағы ақпарат толықтырылып отырады, — деді Диар Асқарұлы.

Ол немере ағасы туралы қызық материал, фото, видео сақтаған азаматтар болса, барлық ақпаратты өздеріне жолдауды сұрайды. Материал редакцияланғаннан кейін сайтқа орналастырылады.

Диар Қонаевтың айтуынша, сайтқа отбасы мен туыстары туралы, Қонаев атындағы мекемелер жайындағы ақпарат салынады. Мемлекеттік қызметіне қатысты статистика деректері де қосылады.

Қонаев 10 жыл Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 24 жыл республиканы басқарып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шықпас бұрын статистикалық басқару орталығынан Қазақстанды басқарғанда атқарған еңбектері туралы мәлімет сұраған. Елді басқарған уақытында республикадағы қазақтың саны 2,2 есе өскен. 1959 жылы 2 миллион 787 мың болса, Қонаев басқарған жылдары бұл көрсеткіш 7 миллионға жеткен. Қонаев басшы кезінде Арқалық, Сәтбаев, Жаңатас, Екібастұз сияқты 42 қала мен 68 ауыл салдыртқан, — деді Диар Ахметұлы.

Мұхтар Қонаев
Мұхтар Қонаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дінмұхамед Қонаевтың немерелес бауыры Мұхтар Қонаевтың айтуынша, сайттағы барлық мәлімет фактілерге негізделген.

Сайттағы ақпараттарда қандай да бір аңыз немесе жорамал жоқ. Болашақта мобайл версиясы да шығады, — деді Мұхтар Қонаев.

Сайтта үш тілде функция болады. Әзірше орысша нұсқасы ғана бар. Бір аптадан соң қазақшасы дайындалады. Ал жылдың соңына қарай ағылшын тілі енгізіледі.