Басты бетЖаңалықтарМәжілістің тұңғыш...

Мәжілістің тұңғыш спикері Марат Оспановқа арналған кітап шықты

Кітап «Қайнар бұлақ — Начало начал», «Тәуекел тұлпары — Новатор перемен» және «Мәңгілікпен кездесу — Величие памяти» деген үш бөлімнен тұрады. Оған қоса,  кітапқа замандастары мен жақындарының естеліктерінен үзінді енгізілген.

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, Марат Оспанов экономист ретінде Қазақстанның алғашқы бюджет жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан.

Ол кезде Жоғарғы кеңесте 360 депутат болды. Бірақ Марат Оспанов сияқты өзіне сенімді, харизмасы бар және позициясын қорғай алатын адам аз еді. Ол — елдің салық жүйесінің, демократия институты негізінің қалыптасуына еңбек еткен азамат, — деді Гүлмира Исимбаева.

Марат Оспановтың жары Бақыт Оспанова Мәжілістің алғашқы спикері атына қор жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Қорды 10 жылдан бері басқарып келемін. Бұған дейін бірнеше кітап жарық көрді. Бұл альбом-кітап Марат Оспановтың қайраткерлік, қоғамдық және тұлға болып қалыптасу кезеңдерін қамтиды, — деді Бақыт Оспанова.

Кітаптың тұсаукесерінде «Марат Оспановтың өмір кодексі» қысқаметражды деректі фильмі көрсетілді.

Марат Оспанов — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші төрағасы. 1949 жылы Ақтөбеде туған. Ол — парламентаризмнің, көппартия жүйесі мен Қазақстандағы демократияның негізін қалаушылардың бірі. Бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды, қаржы, салық саласы мен құнды қағаздар комиссиясын да басқарған. 2000 жылы Алматыда дүниеден өтті.

Дереккөзlmaty.tv