«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық сарапшылары 2019 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еңбек нарығында заңгерлердің 3,6 мыңға жуық резюмесі сұранысқа ие болмай қалғанын анықтады. Бұл 6 айда электрон еңбек биржасына заңгерлердің барлығы 1 221 бос жұмыс орны орналастырылған. Бұл мамандық бойынша 4 818 адам жұмыс іздеген.

Сұранысы жоқ мамандықтардың бестігіне әлеуметтік қызметкерлер (2,4 мыңнан астам резюме), аспаздар (2 мың), компьютер техниктері (1,5 мың) және кеңсе қызметшілері (шамамен 1,5 мың) де кіріп отыр.

Аз сұранысқа ие мамандықтардың ондығына экономистер (1,2 мыңнан астам резюме), шаштараздар (1,2 мыңнан астам), қаржыгерлер (шамамен 1,2 мың), тігіншілер (1,1 мың) мен технологтар (шамамен 1 мың) кірді.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс берушілер тарапынан сатушы-консультант, дене шынықтыру және спорт мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі (орта мектеп), маникюр шебері, бухгалтер, кондитер, қазандық операторы, бастауыш класс мұғалімі, эколог, заңгер-кеңесші, инженер-экономист, техник-механик, педагог (бастауыш мектеп), визажист сияқты мамандардың резюмесіне де сұраныс өте аз болған.