Тауар ақша
Иллюстрация: ©Бекзат Исамберген

Тауарды өткізіп, ақшаны қалай қайтарып алуға болады?

Қолданылмаған тауарды қанша күнде өткізуге болады?

Жаңа тауарды cатып алған күннен бастап 14 күннің ішінде қайта өткізуге болады. Ескерте кететін жағдай, тауарды қайтарып, құнын толық алу үшін ол қолданылмаған, жаңа қаптамада болуы керек. Тауарды бір-екі күн қолданып, қаптамаға салып, қайта өткізгісі келетін «қу» тұтынушылардың тауарын сатушы сараптамаға жіберуге құқылы. Сараптамада тауардың қолданылмағаны дәлелденсе, тұтынушы тауардың құнын толық өндіріп ала алады. Алайда, сараптама шығындарын тұтынушы төлейтін болады.

Тауар бір рет қолданған соң сапасын жоғалтса…

Жаңадан сатып алған көйлегіңіз бір жуғаннан соң түсі оңып кетсе не істеу керек? Әрине, тауарды сатушыға қайтарып беру керек. Алайда, кір жуу барысында киімнің затбелгісінде (этикетка) көрсетілген ережелерді қатаң ескеріңіз. Егер сіз барлық ережені сақтаған болсаңыз, ал тауар сапасыз болып шықса, сатушы сізге ақшаңызды қайтарып беруге міндетті.

©магазин101.рф

Әрбір тауардың кепілдік мерзімі болады. Мысалы, аяқ киім бір маусым, яғни, үш ай қызмет етуі керек. Маусым аралығы сауда жасаған күннен бастап емес, күн суытқан немесе жылытқан уақыттан бастап есептеледі. Алайда, күздік, қыстық киімдерді жазда жаппай сатылымнан (распродажа) алу бұған жатпайтынын ескертеміз. Сараптама нәтижесі өнімнің сапалы не сапасыз болғанын анықтай алады. Тауарды қайтарып беру, ақшасын өндіріп алу шаралары тек сараптама нәтижесі дайын болған соң ғана жүргізіледі.

Сараптама қалай жүргізіледі?

Тауар сараптамасы
©emagnat.ru

Сараптама жүргізу кезінде тұтынушы процесске қатысуға құқылы. Ол сатушының тауарға ешқандай зиян келтірмегенін анықтау үшін сараптаманы өз бетінше жасатуға да құқылы. Сараптама жасайтын орталық тәуелсіз, ешқандай сыбайлассыз болуы керек.

Ақшаны қайтару, жөндеп беру әлде басқасына ауыстыру?

Тұтынушы тауардың сапасына риза болмаған жағдайда сатушы компания оған жоғарыда аталған үш ұсынысты жасайды. Тұтынушы қалаған нұсқасын таңдай алады.

Ұқсас, бірақ қымбат тауарға айырбастау үшін…

Егер сіз сатып алған тауар сапасыз немесе ақаулы болып шықса, ал сіз сауда жасаған дүкенде мұндай тауар түрі қалмаса, ұқсас модельді талап етуге құқылысыз. Оның бағасы алдыңғы тауардан сәл қымбатырақ болса да, ешқандай өтемақысыз алуға болады.

Ақша
©giphy.com

Ақаулы тауарды ауыстырғанда кепілдік мерзімі ұзара ма?

Иә, сапасыз немесе ақаулы тауарды жаңа тауар түріне ауыстырғанда өткізген тауардың кепілдік мерзімі жойылып, жаңа тауардың жарамдылық және кепілдік мерзімі іске қосылады.

Бір қаладан сатып алған тауарды басқа қалада өткізуге бола ма?

Егер сіз тауарды сатып алған дүкендер желісі бар болса, басқа қалада өткізуге болады. Көбінесе дүкендер желісі мұндай талаптарға көнбей, «қай жерден алсаңыз, сол жерге өткізіңіз» деп жатады. Бұл — заңсыз әрекет. Дүкендер желісінің тауарлары, қызмет көрсету орталықтары ортақ болғандықтан, олар сізге қызмет көрсетуге міндетті. Қай қала, аудан, дүкен болса да сіз өз құқыңызды талап ете аласыз.

 

Тауар тасу
©bizkonua.com

Қандай тауар қайтарылмайды?

Қайта қайтаруға болмайтын тауарлар да бар. Олар: дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киімдер, шұлық бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар.

Сатушы тарапынан заңсыз әрекетке тап болсаңыз…

Тұтынушы құқығын қорғау басқармасы мамандары тегін кеңес бере алады. Сонымен қатар, заңсыз әрекетке тап болған жағдайда «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына жүгіне аласыз. Ол жерде қызмет құны тауар бағасының он пайызын құрайды. Сондай-ақ, Ұлттық тұтынушылар лигасынан кеңес алуыңызға болады.

Телефон арқылы 2040 (Kcell, Activ), 2518 (Beeline), +7 (727) 277-89-45 нөмерлеріне қоңырау шалып, тегін кеңес алуыңызға болады.