Синоптиктер 7 қарашада күн райы бұзылатынын хабарлады

Қазақстанның көп бөлігінде қар аралас жаңбыр жауады, оңтүстік пен батыста ғана күн жауын-шашынсыз болады. Өңірлерде екпінді жел мен жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады, тұман түседі. «Қазгидромет» мамандарының болжамы осындай.

Синоптиктердің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында тұман түседі, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында 23 метрге дейін күшейеді.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Манғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында күн тұманды болады, Қостанай, Қызылорда облыстарында екпіні 15-20 метрге жететін жел соғады. Алматы облысының кей жерінде көктайғақ болуы мүмкін.

Нұр-Сұлтанда тұман мен көктайғаққа және күшті желге байланысты ескерту жарияланды. Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 7-9 қараша күндері Қазақстанның батысы мен солтүстігінде ауа температурасы төмендейтіні хабарлаған еді.