Ауа райы болжамы: 7-9 қараша күндері тағы да суық болады

«Қазгидромет» алдағы 3 күнде ауа райы қандай болатынын хабарлады. Мамандардың болжамы бойынша жауын-шашыннан кейін күн қайта суиды.

Ресейдің Еуропа бөлігінен Оралға атмосфера фронттарын ілестірген кезекті циклон ауады, соған байланысты республиканың солтүстік жартысында қайтадан күрделі метеорологиялық құбылыстар байқалады: жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады, кей жерде бұрқасын мен батыстан екпінді жел соғады, — делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Циклонның артынан Арктика теңіздері акваториясының суық антициклоны келіп, Қазақстанның батыс және солтүстік облыстарында күннің сууына себепші болады.

Еске салайық, бұған дейінгі 3 күн ішінде циклонның шығыс бағытта жылжуына байланысты республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысында жаңбыр мен қар жауған еді. Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы 0 градустан төмен, солтүстікте түнде 2-10 градус аяз, оңтүстікте 0-8 градус жылы болды, бұл көрсеткіш орташа көпжылдық нормадан 3-6 градусқа төмен.