Алдағы 7 жыл ішінде «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыру ауылда тұратын 7 миллион адамның тұрмысын жақсартады. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жобаны іске асыру барысы қаралған кезде айтылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыру Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы 27 ақпанда Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы бойынша басталды. Оның мақсаты — ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне келтіру.
Жаңа әдістеме бойынша 3 477 перспективалы ауыл іріктелді, онда 6,6 миллион адам немесе ауыл халқының 85%-і тұрады. Жобаға бөлінетін қаражат 2027 жылға дейін 900 миллиард теңгеге дейін арттырылады, ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған басқа мемлекеттік бағдарламалардан қаржы ауыстырылады, сөйтіп оны іске асыруға барлығы 2 триллион теңге жұмсалады, жоба аясында барлығы 30 мыңнан астам іс тындырылады.
Асқар Маминнің айтуынша, жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауылдардың барлық инфрақұрылымын жаңарту, 7 мың шақырымнан астам жол салу, ауыл көшелерін салу мен жөндеу, инженер желілерін салу, ауылдарға 100% сапалы ауызсу беру, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін реконструкциялау мен салу және 130 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылып отыр. Соның арқасында Үкімет 7 миллионға жуық ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсартпақ.
Премьер-министр жоба қамтитын ауылдар тізімін қайта қарауды, осы жылдың соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл — ел бесігі» жобасын дайындауды тапсырды. Жобаға қажет қаражаттың 70%-і республикалық бюджеттен бөлінеді. Қалғанын облыс әкімдіктері басқа қаражат көздерімен бірлесе табуы керек.