Nurdaulet_Orazbayev есімді қолданушы «Мен темекі шекпеймін, ішімдік ішпеймін. Бірақ бір жаман әдетім бар, ұятсыз видеоларды (порно) көремін. Бұл қаншалықты күнә? Осы әдетті қою үшін қандай кеңес бересіздер?» — деп жазған.
Қолданушының сұрағына психоаналитик Жанар Оспанова жауап берді.
Психоаналитиктің айтуынша, порнографияға қызығатын адамдардың психикасында ауытқу бар деп айтуға болмайды. Өйткені бұл — қалыпты жағдай.
Порнография видеоны көбіне балалар мен жасөспірімдер көре бастайды. Сонымен бірге ерлі-зайыптылар фантазияларын одан әрі дамыту үшін де көруі мүмкін. Оларда осыған байланысты түрлі журнал мен диск болуы керек деп ойлаймын. Өйткені олар бір-біріне ләззат сыйлайды. Сол себепті үлкендер үшін бұл — қалыпты нәрсе, — дейді психоналитик.
Бірақ, маманның айтуынша, әрине, шамадан тыс әуестену де дұрыс емес. Себебі мұндай кезде адам міндетті түрде қозады. Соның әсерінен адам мастурбациямен еріксіз айналысуы мүмкін. Ол бұған бірте-бірте тәуелді бола бастайды, жыныстық ләззатты тек мастурбация арқылы алуға үйреніп кетуі мүмкін.
Жасөспірімдер өздеріне жыныстық қатынаспен айналысуға болмайтынын жақсы түсінеді. Сондай кезде порнография көре бастайды. Балалар бұл нәрсені 9 жастан бастауы мүмкін. Өйткені оларда дәл осы жаста жыныс гормоны бөліне бастайды, — дейді Жанар Оспанова.
Ата-ана баланың мұндай әрекетпен айналысып жүргенін байқаса, оған айқайлап, ұрыспауы керек.
Өйткені баланың өзі порновидеоны көріп жүргеніне іштей қысылып, күйзелуі мүмкін. Ал ата-ана оны байқаса, оған ұрыспай, керісінше, оның қазіргі жағдайы туралы сөйлесуі керек. Өйткені баланың өзі де бұл құбылысты түсінбеуі мүмкін. Осындай кезде бала шығармашылықпен, спортпен, өзіне ұнайтын басқа да іспен айналысқаны дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, балада артық уақыт болмауы керек. Өйткені баланың қолы бос болса, ол басқа нәрсемен шұғылдана бастайды, — дейді психоаналитик.
Порнографияны шамадан тыс көп көретін адам өзіне сенімсіз болуы мүмкін. Анайы видеолармен әуестену адамның ішкі дүниесінде жылуды, ізгілікті, мейірімді азайтады.
Олар өздерінің фантазиясын жыныстық қатынас кезінде жүзеге асыра алмай, соның салдарынан ләззат ала алмауы мүмкін. Порновидеоны көретіндердің кейбірі оны саналы түрде сезінбейді, ал кейбіреуі оның дұрыс емес екенін біледі. Егер мұндай адамдар өз еркімен психологқа келсе, онымен жұмыс істеуге болады. Кез келген адамнан кішкентай кезіндегі жағдайларды сұраймыз. Өйткені балада психологиялық ауытқу да, тәуелділік те дәл осы кезден басталуы мүмкін, — дейді Жанар Оспанова.