Басты бетЭкономикаҚазақстанда кәсіпорындардың...

Қазақстанда кәсіпорындардың жабылуы рекорд көрсеткішке жетті

Қазақстанда 2019 жылдың үшінші тоқсанында жабылған заңды тұлғалардың саны 3 мыңға жетті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,8% көп.

Finprom.kz сарапшыларының мәліметіне қарағанда жабылған кәсіпорындардың 83,2%-і немесе 2,5 мыңы — шаруашылық серіктестігі, дәл мұндай формадағы мекемелердің жабылуы 18,2% көбейген. Жойылған заңды тұлғалардың төртеуі — акционерлік қоғам, 18-і — мемлекеттік кәсіпорын. Былтыр 30 акционерлік қоғам, 43 мемлекеттік кәсіпорын жабылған еді. Басқа санаттағы жабылған кәсіпорындардың саны былтырғы 466-дан 474-ке көбейген.

2019 жылдың 9 айында барлығы 18,5 мың компания жойылған. Бұл 2018 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 71,2% көп және мамандар оны рекорд деп отыр.

Жойылған заңды тұлғалардың көбі Алматыда болған: 783 кәсіпорын, былтыр бұдан 2,2 есе аз болған. Қарағанды облысы бұл жағынан екінші орында, өңірде биыл 318 заңды тұлға жойылды, былтыр жабылған кәсіпорындардың саны бұдан 2,1 аз болған. Республика бойынша жабылған кәсіпорындардың саны жөнінен Нұр-Сұлтан үштікке еніп отыр: 258 компания.

2019 жылдың үшінші тоқсанында жойылған заңды тұлғалардың үштен бірінен астамы сауда-саттық және автокөлік пен мотоцикл жөндеу салаларынікі. 10,5%-і құрылыс, 28,2%-і кәсіби қызмет, ғылым және техника салаларында.

Сарапшылар алдағы кезеңде шағын және орта бизнеске қатысты ахуал жақсаруы мүмкін деп отыр. Өйткені Президент Жолдауында 2020 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылға тыйым салынатыны және олардың салықтан босатылатыны айтылды. Сонымен бірге 2023 жылға дейін барлық бизнес нысанынан 5% қосымша зейнетақы төлемі алынбайтын болды.